ЕрекшеТергеу

“Халық шешім күтіп отыр”: Bek Air ұшағы апатына қатысты созылып кеткен сот ісі аяқталуға жақын

Судья марқұм ұшқыштардың туыстарына бес күн ішінде жаңа адвокат табуды тапсырды, деп хабарлайды Tizgin.kz Informburo.kz-ке сілтеме жасап.

СОТ ӨТПЕУІНІҢ СЕБЕБІ
20 қазанда Алматы қаласының Түрксіб аудандық сотында Bek Air әуе компаниясының ұшағы апатына қатысты сот отырысы өтпей қалды. Бұған қаза болған ұшқыштардың отбасыларының мүддесін қорғап жүрген адвокат Бейбіт Кендірбаевтың сырқаттануы себеп болды. Осыған байланысты ол сот отырысын кейінге шегеру туралы өтініш айтқан.

Қорғаушысыз сот отырысын өткізу мүмкін еместігін айтқан судья Дастан Алмағамбетов бұл өтінішті қанағаттандырды. Төрағалық етуші марқұм ұшқыштардың туыстарына бес күн мерзім беріп, осы уақыт ішінде Бейбіт Кендірбаев сот процесіне қайта қосыла алмаса, жаңа адвокат табуды тапсырды. 

“ХАЛЫҚ ШЕШІМ КҮТІП ОТЫР”

Сот процесі тым созылып кетті. Қаралып жатқанына біраз уақыт болды. Іс көктемнен бері сотта. Халық шешім күтіп отыр, – деді Алмағамбетов.

Егер 28 қазанға дейін Бейбіт Кендірбаевтың жағдайы жақсармаса, жаңа қорғаушы табылмаса, онда сот мемлекет есебінен адвокат тағайындайды.

Келесі сот отырыстары 28-31 қазан аралығында өтеді деп жоспарланып отыр. Алмағамбетов тараптарға сот жарыссөздеріне дайындалуды ескертті. Егер сот қосымша немесе қайта сараптама тағайындамаса, жарыссөздер дәл осы күндері басталуы мүмкін.

Back to top button