Ерекше

Газ тартылып бітпеген Ақтөбе тұрғындары жылусыз қалды

Мұғалжар ауданына қарасты Қожасай ауылында газ магистралі тартылғанымен, тұрғындар биыл қосыла алмады. Үйдегі пештерін бұзып, «көгілдір отынға» көшеміз деп қамданғандар қазір жаурап отыр, деп хабарлайды Tizgin.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.

“ҚЫС АУЫР БОЛҒАЛЫ ТҰР”

Ауыл тұрғындары күн әжептәуір суытқан қараша айында үйде жылусыз отырғандарын айтып, көмек сұрауда.

Ауылымызға газ құбыры тартылды. Барлық техникалық жұмыс аяқталғанымен, газ әлі қосылған жоқ. Алдағы қыс біз үшін ауыр болғалы тұр. Отын мен көмір бағасы аспандап, зейнеткерлер мен көпбалалы отбасыларға үлкен салмақ түсіруде. Бізге газды наурыз айында қосамыз деген, алайда қараша болды – нәтиже жоқ. Газ нақты қашан беріледі, соны білгіміз келеді, – дейді ауыл тұрғындары.

Қожасай ауылында 50 үй бар, яғни 200-ден астам адам тұрады. Газ беру желтоқсан айына жоспарланған.

«QazaqGaz Aimaq» АҚ облыстық филиалының инвестициялық бағдарламасы аясында Мұғалжар ауданының Қожасай ауылын газдандыру жұмыстары басталған. Бүгінде құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталды. Қазір автоматтандырылған газ тарату станциясын іске қосуға дайындық және реттеу шаралары жүргізіліп жатыр. Барлық жұмысты аяқтап, газды осы жылдың 1 желтоқсанында беруді жоспарлап отырмыз, – деп мәлімдеді Ақтөбе облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасы.

ӘКІМ НЕ ДЕЙДІ

Мұғалжар ауданының әкімі Дархан Ермағамбетовтің айтуынша, жоба құны 1,8 миллиард теңгені құрайды.

Қазір инженерлік-техникалық құжаттар рәсімделіп жатыр. Сол құжаттар тапсырылған соң газ қосылады. Газ құбыры сынақтан сәтті өтті. «QazaqGaz Aimaq» АҚ аудандық филиалы жеке үйлерге арналған барлық құжаттарды дайындап қойды. Біз енді тек магистральға газ жіберілуін күтіп отырмыз. Биыл ауылдағы үйлерге газ беріледі, ал келесі жылы әлеуметтік нысандар қосылады. Мұның алдында тұрғындарға газ толық тартылып бітпей, пештерін бұзбау керектігі ескертілген еді. Газ құбыры жобасының тапсырыс берушісі мен мердігері – «Интергаз» акционерлік қоғамы. Бұл жоба олардың инвестициялық бағдарламасы аясында жүзеге асырылды, – деді аудан әкімі.

Айта кетейік, бұған дейін Ақтөбе мен Қостанай облыстары арасында жаңа магистральдық газ құбыры тартылуы мүмкін екені хабарланған болатын. Сондай-ақ, «QazaqGaz» Ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Әлібек Жамауов Қашаған кен орнында салынатын газ өңдеу зауытының жобасы қандай кезеңде тұрғанын баяндаған еді.

Back to top button