Францияда қымбатшылыққа қарсы наразылық: мыңға жуық адам ұсталды

Францияда тұрмыс құнының өсуіне қарсы наразылық шерулеріне жүздеген мың адам қатысты. Бірқатар қалада демонстранттар мен полиция арасында қақтығыс болып, мыңға жуық адам ұсталды. Билік енгізген шектеулер мен күшейтілген қауіпсіздік шаралары наразылықты тоқтата алмады, деп хабарлайды Tizgin.kz DW басылымына сілтеме жасап.
Қымбатшылыққа қарсы жүздеген мың адам көшеге шықты
Франция Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 24 қазанда ел аумағындағы наразылық акцияларына 410 мың адам қатысқан. Ал CGT кәсіподағы шерушілердің саны 800 мыңға жуықтағанын мәлімдеді.
Париждегі қатысушылар саны жөніндегі деректер де әртүрлі. Кәсіподақ ел астанасында 250 мың адам көшеге шыққанын айтса, полиция олардың санын 110 мың деп бағалады. Ішкі істер министрі Лоран Нуньестің айтуынша, рұқсат етілген шерулер бастапқыда қалыпты өткен. Алайда кейін бірқатар жерде тәртіпсіздік болып, полиция мыңға жуық адамды ұстаған. Министр құқық қорғау органдары «әсіре солшыл белсенділер тарапынан аса жоғары деңгейдегі зорлық-зомбылыққа» тап болғанын мәлімдеді. Оның сөзінше, бұл жолы көшелерге көбірек полиция шығарылып, шерулер алдындағы тексерулер күшейтілген. Тәртіп сақшылары оқиғаларға жедел әрекет етіп, дүкендерді қорғауға басымдық берген.
Клермон-Ферран мен Тулузадағы қақтығыстарда екі адам ауыр жараланған. Биліктің мәліметінше, Тулузада 20 жастағы жігіт жарылыс салдарынан қолынан ауыр жарақат алып, бірнеше саусағынан айырылған. Парижде күндіз жағдай тыныш болған. Сағат 14:00 шамасында қала шетіндегі Порт-де-Венсеннен шеру басталып, кешке қарай тәртіпсіздікке ұласқан. Полиция резеңке таяқ, көзден жас ағызатын газ және су шашатын арнайы техниканы қолданған. Шеруге қатысушылардың бірі полицияның адамдарға жаппай күш қолданып, оларды жерге құлатып ұрғанын айтқан. Ал Париж полициясының префектурасы шеру аяқталғаннан кейін тәртіп сақшыларына «500-ден астам бұзақы» шабуыл жасағанын мәлімдеді.
Қауіпсіздік күшейтілгенімен, қақтығыстар бірнеше қалада қайталанды
Наразылық шерулері қарсаңында Франция билігі қатаң шектеулер енгізіп, көптеген митингіге тыйым салған. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге шамамен 70 мың күштік құрылым қызметкері жұмылдырылған.
Бұл шаралар алдыңғы демалыс күндеріндегі жаппай тәртіпсіздіктерден кейін қабылданды. Сол кезде мыңдаған дүкен тоналып, қала әкімдіктері мен полиция бөлімшелеріне шабуыл жасалған, өрт қою оқиғалары тіркелген. Биліктің мәліметінше, сол жолы шамамен 2700 адам ұсталған.
Соған қарамастан, 24 қазанда Парижден бөлек Лион, Нант және Тулуза қалаларында да полиция мен шерушілер арасында қақтығыс болды. Нантта мыңдаған демонстрант қала орталығына өту үшін полиция шебін бұзып өткен. Тәртіп сақшылары оларды көзден жас ағызатын газ және су шашатын техника арқылы тоқтатуға тырысқан. Жиналғандардың кейбірі полицияға петарда мен түрлі зат лақтырған.
Ниццада да су шашатын техника қолданылған. Лионда полиция мыңға жуық демонстрантты көзден жас ағызатын газбен таратқан. Марсель мен Гренобльде дүкендерді тонау оқиғалары тіркелген. Париж бен басқа қалалардағы кәсіпкерлер ықтимал шабуылдан қорғану үшін дүкендерінің витриналарын алдын ала ағаш қалқандармен жапқан.Лоран Нуньестің айтуынша, бұл жолы тонау оқиғалары бір апта бұрынғыдан едәуір аз болған. Министр Канн мен Монпельедегі демонстрацияларда радикал солшылдармен қақтығысқа түсуге ұмтылған әсіре оңшылдардың алғаш рет байқалғанын да айтты.Осы күні Орлеанда оңшыл популистік «Ұлттық бірлестік» партиясының съезіне қарсы шеру өтті. Билік оған 10 мыңнан астам адам қатысқанын хабарласа, ұйымдастырушылар 26 мың адам жиналғанын мәлімдеді. Елуге жуық саяси партия, кәсіподақ және қоғамдық ұйым жұртты «нәсілшілдікке, фашизмге және империализмге қарсы» наразылыққа шақырған.
DW мәліметінше, Франциядағы президент сайлауына алты ай қалғанда «Ұлттық бірлестік» кандидаты Марин Ле Пен қоғамдық пікір сауалнамаларында алда келеді. Өзін заң мен тәртіпті жақтайтын саясаткер ретінде таныстырып жүрген Ле Пеннің сайлау науқаны аясындағы алғашқы ірі сөзі 25 қазанға жоспарланған.