Қазақстанның өңір-өңіріндегі фельдшерлер бірнеше күннен бері Денсаулық сақтау министрлігі Ақмарал Әлназароваға датын жеткізгісі келіп жүр. Олар министрге халық үміт артатынын айтады. Сондай өтініштердің бірін Tizgin.kz редакциясына Мухаммад Өмірбек жіберді.
МИНИСТРГЕ ӨТІНІШ
Мухаммад Өмірбек фельдшер мамандығының тәуекелі жоғары, физикалық және психологиялық тұрғыдан ауыр жұмыс санатына жататынын ескере отырып, фельдшерлерге зейнет жасын төмендету арқылы мерзімінен бұрын зейнетке шығу құқығы берілуін сұрайды. (құқық қорғау органдарының қызметкерлерлері секілді). Бұл – олардың денсаулығы мен өмір сапасын қорғауға бағытталған әділ шешім деп есептейді.
“Өтінішімізді фельдшерлердің жанайқайы деп түсініңіз! Біз фельдшер мамандарын баспанамен жүйелі түрде қамтамасыз ету мәселесін қарастыруды, қызметтік үй немесе жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламалары арқылы баспана алу мүмкіндігін қарастыруды, тұрғын үй жалдау (пәтер) шығындарының өтелуін немесе субсидиялануын енгізуді сұраймыз”, – делінген өтініште.
Фельдшер мамандары халықтың өмірі мен денсаулығы үшін тәулік бойы тынымсыз еңбек етеді. Жұмысы жоғары жауапкершілік пен тәуекелге толы екенін айта келе Мухаммад Өмірбек төмендегі мәселелер бойынша заңды түрде әділ шешім қабылдануын сұрайды.
“Жалақы мәселесі: ел бойынша фельдшерлердің айлық жалақысын орташа республикалық айлық есептік көрсеткішке яғни 429 368 теңгеге жеткізу әрдайым бақылауда назарда ұстауыңызды сұраймыз. Сондықтан жалақы көлемін әділ түрде арттырып, ел бойынша теңестіруді талап етеміз! Сыйақы мен үстемеақы: қазіргі таңда бұл төлемдер барлық өңірде біркелкі берілмейді. Біз заң бойынша барлық өңірде Фельдшерлерге тұрақты және толық көлемде сыйақы мен үстемеақы төленуін талап етеміз! Тәуекелділік үшін төлем: фельдшерлер қауіпті жағдайда, стресс пен ауыр физикалық жүктемемен жұмыс істейді. Сондықтан тәуекелмен байланысты арнайы төлемдердің заңмен бекітілуін және жүйелі түрде толық төленуін сұраймыз. Бұл – біздің жеке емес, жалпы фельдшер қауымының атынан қойып отырған заңды талаптарымыз”, – делінген өтініште.
МИНИСТР БҰҒАН ДЕЙІН НЕ ДЕДІ
Ақмарал Әлназароваға фельдшерлердің жалақысын арттыру мәселесі жөнінде журналистерге бұған дейін сұрақ қойған. Министр аталған мәселені реттеу медициналық ұйымдардың басшыларына тікелей байланысты екенін мәлімдеген. Министрдің айтуынша, үш жылдық бюджетте медициналық тарифтерді көтеруге 100 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылған. Бұл қаржы мекемелерге өз штатындағы қызметкерлердің еңбекақысын қайта қарап, көтеруге мүмкіндік береді.
«2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап алғашқы медициналық-санитариялық көмек деңгейінде сараланған еңбекақы төлеудің жаңа моделі енгізілді. Бұл жүйе мамандарға жоғары көрсеткіштері үшін бонустық төлемдер алуға мүмкіндік береді. Осы мақсатқа бюджетте 25 млрд теңге қарастырылған», – деді ол.
Министрдің сөзінше, стационарларды қаржыландыру қолданыстағы тарифтерге тәуелді. Кейбір тарифтер әлі де экономикалық жағынан тиімсіз, сондықтан оларды қайта қарау жұмыстары жалғасып жатыр. 2023 жылы бұл мақсатқа 24 млрд теңге бөлінген. Ал үш жылдық бюджетте тарифтерді жаңарту үшін 100 млрд теңгеден астам қаражат көзделіп отыр.
«Медициналық ұйымдар шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорын ретінде жұмыс істейтіндіктен, артқан бюджет қаржысын жалақы өсіміне бағыттай алады. Фельдшерлер мен өзге де қызметкерлердің жалақысын көтеру – әр ұйымның басшысының тікелей міндеті», – деді министр.
Министрлік инфекционист-дәрігерлерге арналған үстемақыларды арттыру бойынша ұсыныстар дайындап жатқанын хабарлаған. Пандемия кезеңінде бұл санаттағы мамандарға айтарлықтай қолдау көрсетілген, алайда қазір төлемдер жүйесін жаңарту қажет. Фельдшерлер, санитарлар, жүргізушілер және жалпы дәрігерлерге қатысты еңбекақы мәселесі де талқылау үстінде.
«Денсаулық сақтау министрлігі Қаржы министрлігімен бірлесіп, базалық лауазымдық жалақы коэффициентін көтеруді көздейтін Үкімет қаулысына өзгерістер енгізу бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Қаржы министрлігінің қолдауымен бұл бағыттағы жұмыстар орындалды», – деді Әлназарова.
Айта кетейік, Теміртауда айына 130 мың теңге алатын фельдшерлер жалақыны көтеруді бұған дейін талап еткен еді.