Жетісу өңірінің де фельдшерлері айлығын көтеруді талап етті
Жетісу облысының фельдшерлері мен жедел жәрдем жүргізушілері ашық хат жариялап, төленетін жалақының жұмыс көлемімен сәйкеспейтіндігіне шағымданды. Айтуларынша, бұған билік өкілдері араласпаса, мәселе шешіле қоймайды, деп хабарлайды Tizgin.kz kz.kursiv.media-ға сілтеме жасап.
ЖҰМЫС ПЕН ЖАЛАҚЫДАҒЫ ҚАЙШЫЛЫҚ
Медицина қызметкерлері күн сайын моральдық және физикалық тұрғыда қатар күйзеліске түсіп жүргендерін айтады. Олар ауыр науқастарды жоғары қабаттарға көтереді, агрессияға тап болып, ауа райы қандай болса да кезекшілікке шығатын көрінеді.
«Еңбегіміздің көлемі мен күрделілігіне жалақымыз мүлдем сәйкес келмейді. Нақты жағдайды ескеріп, еңбекақы мөлшерін қайта қарауды сұраймыз», — дейді фельдшерлер.
Дәрігерлердің жетіспеуі салдарынан диагноз қойып, реанимация жасауды фельдшерлер өз жауапкершілігіне алған. Негізі дәрігер жауапты шешімдерді өздері қабылдайды.
«Жедел жәрдемдегі кадрлық саясатты қайта қарап, фельдшерлерге тиісті мәртебе мен қолдау көрсетуді сұраймыз», – деп жазады олар.
ЗЕЙНЕТ ЖАСЫНА ҚАТЫСТЫ ҰСЫНЫС
Жасы ұлғайған сайын бұл ауыр еңбектің мүлде төзгісіз болатынын айтқан фельдшерлер зейнет жасын төмендетіп, оларды өрт сөндірушілер мен полицейлер сияқты жеңілдікпен зейнетке шығатын санатқа қосуды сұрайды.
Сонымен қатар, олардың ай сайынғы жалақысынан 10% (5–6 мың теңге) ұсталып отыратындығын да алға тартты. Жылына екі рет өз ақшаларына медициналық тексеруден өтеді. Бұған жылына шамамен 20–25 мың теңге кетеді дейді. Олар бұл шығындарды қызметкерлерге жүктемеуді, ал артық жұмыс үшін төлемді 1,5 есеге арттыруды талап етеді.
МӘН-ЖАЙЫ
Бұған дейін Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова фельдшерлер жалақысын көтеру мәселесі медициналық ұйымдардың басшыларына байланысты екенін айтқан болатын. Оның сөзінше, үш жылдық бюджетте тарифтерді арттыруға 100 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылған. Бұл қаражат мекемелерге жалақыны өздері қайта қарауға мүмкіндік береді.