ГеосаясатЕрекше

Еуропа Зеленскийді Ресей ырқына көнбеуге шақырды – WSJ

Еуропа көшбасшылары Украина президенті Владимир Зеленскийге Ресейдің қандай да бір талаптарына келіспес бұрын АҚШ-тан мықты әрі нақты қауіпсіздік кепілдіктерін алуды ұсынды, деп хабарлайды Tizgin.kz NUR.KZ-ке сілтеме жасап.

ВАШИНГТОН КИЕВ ҚАУІПСІЗДІГІНЕ КЕПІЛДІК БЕРЕ МЕ

Аталған ақпаратпен мұның алдында Wall Street Journal бөлісті. Талқылаулар барысымен таныс екі еуропалық дипломатқа сүйенген басылым ақпаратынша, ЕО көшбасшылары украиналық әріптестеріне Ресей талаптарын қарастыруға дейін Вашингтонның Киев қауіпсіздігіне қатысты қандай рөл атқаратынын айқын анықтап алуға кеңес берген.

Дереккөздер мәліметінше, мұндай ұсыныс осы апта басында Зеленский мен бірқатар еуропалық көшбасшы арасындағы телефон әңгімесі кезінде айтылған. Олардың қатарында Франция президенті Эммануэль Макрон, Германия канцлері Фридрих Мерц және Еуропалық комиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен болған. Олар Украинаға ұсынылатын кез келген қауіпсіздік келісімі аясында АҚШ-тың жетекші рөл атқаруы қажет екенін баса айтқан.

“Киевте де, өзге еуропалық астаналарда да Вашингтон Ресей ықтимал бейбіт келісімді бұзып, Украинаға қайта шабуыл жасаса, қандай қадамдарға баратынын нақтылап айтпағанына алаңдап отыр”, – делінген мақалада.

ЗЕЛЕНСКИЙ НЕ ДЕЙДІ

Телефон әңгімесінен кейін Зеленский де ықтимал бейбіт келісім жайында пікір білдірді.

“Ең бастысы – барлығы әділ әрі таза болуы керек. Украинаның ту сыртынан пышақ салу қадамдарының болмауы маңызды”, – деді ол.

Ирландияда сөйлеген сөзінде Зеленский қауіпсіздік кепілдіктерінің қалай жұмыс істейтіні жөнінде Украина “ең болмаса негізгі жайттарды” білуге тиіс екенін атап өтті.

Бұл ақпаратқа қатысты ресми түсініктеме не Ақ үйден, не ЕО елдері басшылары әкімшіліктерінен түскен жоқ.

Back to top button