Еуропалық одақ алғаш рет Қазақстанға қатысты қосымша (екінші деңгейлі) санкциялар енгізуді қарастырып жатыр, деп хабарлайды Tizgin.kz Bloomberg агенттігіне сілтеме жасап.
ШЕШІМ ӘЛІ ҚАБЫЛДАНҒАН ЖОҚ
Агенттік деректеріне қарағанда, ЕО Қазақстан арқылы импортталатын кейбір техника мен құрал-жабдықтар ірі көлемде Ресейге қайта жөнелтіліп, кейін олар әскери өндірісте пайдаланылып жатыр деген күдіктеніп отыр.
Дегенмен, агенттік сұхбаттасқан шенеуніктердің айтуынша, бұл мәселе бойынша түпкілікті шешім әлі қабылданған жоқ. Санкциялар енгізілуі үшін нақты дәлелдер мен ЕО-ға мүше барлық елдің қолдауы қажет. Егер шектеу шаралары мақұлданса, Қазақстанға белгілі бір санаттағы техниканы сатып алуға тыйым салынуы мүмкін.
Бұл бастама қазіргі уақытта талқыланып жатқан Еуроодақтың Ресейге қарсы 19-шы санкциялар пакетіндегі бір бөлігі болмақ. Жаңа пакет аясында ресейлік банктер мен мұнай компанияларына қарсы шектеулерді күшейту, «көлеңкелі» флот танкерлерін қайта сақтандыруға тыйым салу, үшінші елдердегі мұнай трейдерлеріне санкция салу және Ресейдің әскери-өндірістік кешенінде қолданылуы мүмкін тауарлар экспортына қосымша тыйым енгізу көзделіп отыр.
ЕУРООДАҚ ҚЫТАЙҒА ДА ШЕКТЕУ ҚОЯ МА
Брюссель мен Вашингтон өзара келісілген шаралар қабылдауды жоспарлап отыр. АҚШ билігі ресейлік мұнайды сатып алушыларға қосымша кедендік баж салығын енгізу, сондай-ақ «Роснефть» пен «Лукойл» компанияларына қарсы жаңа санкциялар салу мүмкіндігін қарастыруда.
Сонымен қатар, ЕО әскери техника мен дрон өндірісінде Ресейге көмек көрсетіп отыр деген күдікпен Қытай компанияларына да кейбір тауарларды жеткізуге шектеу қоюды жоспарлап отыр.
Санкциялар тізімінің нақты құрамы әлі талқыланып жатыр, алдағы апталарда ол ресми түрде жарияланбақ.
Айта кетейік, тамыз айының басында Қазақстанның сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев АҚШ-тың Ресеймен серіктестік үшін Қазақстанға жаңа баж салығын енгізу ықтималдығына қатысты пікір білдірген еді. Оның айтуынша, Қазақстан АҚШ президенті Дональд Трамп жариялаған қосымша кедендік тарифтер тізіміне енуге ниетті емес.