“Ерегеспен ештеңе шеше алмаймыз”: Бапи Конституция жобасын қолдауға шақырды
Депутат Ермұрат Бапи бүгін жаңа Конституция жобасын талқылауды Мәжілістің күн тәртібіне енгізуді ұсынды. Ол қоғамда жоба қызу талқыланып жатқанын айтып, оны депутаттармен бірге талқылауға шақырды. Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов бұл ұсынысты дауысқа салған. 92 депутаттың 90-ы қолдап дауыс берді. Екеуі қалыс қалды, деп жазады Tizgin.kz.
Мәжілістің күн тәртібіндегі жоспарлы мәселелер қаралып болған соң Ермұрат Бапи сөз алды. Ол қоғамда, әсіресе әлеуметтік желілерде талқыланып жатқан тақырыптан хабардар екенін айтты. 10 минутқа жуық сөйледі. Сөз соңында жобаны қолдайтынын білдірді.
“Қазақстан қоғамы қазір елде салауатты диалог жүргізуге дайын екенін көрсете білуі керек. Біз сол кезде ортақ мәміле таба аламыз. Екі жақта текетіресте тұрып, ерегеспен ештеңе шеше алмаймыз. Ұсынылып отырған Конституция жобасы ең бірінші кезекте, сыртқы тәуекелдерге дайындығымыз деп жалпы сипатта қарауымыз керек. Конституция деген мақала немесе публицистика емес. Бұл – бағдарлама емес, ол жерде бәрін тігісін жатқызып айта алмайсың. Жалпы мазмұннан біз рухты сезінуіміз керек. Қазіргі дүбірлеп тұрған әлемде Қазақстанның елдігі мен тәуелсіздігінің сақтап қалу үшін алаңдауымыз керек”, – деді Бапи.
Депутат “дүние жүзінің картасы бөлініп жатқанда біз кімге сес көрсете аламыз, 7,5 мың шекараны жаба алмай жатырмыз, 14 застава әлі салынбай жатыр, 80 мың ғана әскеріміз бар” деп, осындай жағдайда азаматтық пайыммен ұсынып отырған өзгерістерді қабылдауға шақырды.