Эпштейн тізімінде болуы мүмкін қазақстандықтар әлі тексеріліп жатыр – Бас прокуратура
Биыл ақпан айында Бас прокурор Берік Асылов Қазақстан шенеуніктерінің Джеффри Эпштейнмен байланысы бар-жоғын тексеріліп жатқанын растаған болатын, деп хабарлайды Tizgin.kz BES.media-ға сілтеме жасап.
ТЕКСЕРІС ҚАЛАЙ ЖҮРІП ЖАТЫР
Сенаттағы брифинг кезінде Бас прокурордың орынбасары Ерлан Өтегенов жезөкшелік ұйымдастырғаны үшін сотталған Джеффри Эпштейнмен мүмкін байланыстарын тексеру жұмыстары жалғасып жатқаны туралы мәліметпен бөлісті.
Журналистер Эпштейн ісі бойынша, оның ішінде Қазақстан шенеуніктерінің қатысы бар-жоғын тексеру қазір қалай жалғасып жатқанын сұрады.
«Бізге депутаттық сұрау келіп түсті. Тексеру жүргізіліп жатыр. Ақпарат көлемі өте үлкен – шамамен үш миллион хабарлама бар. Олар фрагменттерден құралған, толықтай зерттеледі. Нақтылап айтсақ, Қазақстан азаматтары аталатын және Қазақстан жайлы әңгімелер бар жерлер қаралады», – деді Ерлан Өтегенов.
Ол қазір қорытынды жасауға әлі ерте екенін, тексеру жалғасып жатқанын және нәтижесі аяқталған соң жарияланатынын алға тартты.
«КЕЛІМБЕТОВ ЭПШТЕЙНМЕН НЕГЕ КЕЗДЕСТІ»
Бұған дейін Жалпыұлттық социал-демократиялық партия фракциясының депутаты Бас прокурор мен ҰҚК басшысына Қазақстанның жоғары лауазымды тұлғаларының Джеффри Эпштейнмен кездесулерінің мақсаты мен салдарын анықтауды талап еткен сұрау жолдаған еді.
«Көп сұрақ туындайды. Неліктен жоғары лауазымды қазақстандық шенеунікке Эпштейнмен кездесу қажет болды? Бұл кездесулер қай жерде өтті? Сол атақты аралда ма еді? Тағы бір мысал – шетелдік БАҚ назарын аударған Эпштейн мен Қайрат Келімбетовтің Нью-Йорктегі бірлескен демалысы. Еске салайын, бұрын Қайрат Келімбетов премьер-министр орынбасары болып, Ұлттық банкті басқарған. Тағы да сұрақ: Келімбетовке бұл кездесулер не үшін керек болды? Әлде мұны өз мүддесі үшін Эпштейн ұйымдастырды ма?» – деді депутат Асхат Рахымжанов.
Оның айтуынша, хат алмасуларда Мәсімов пен Келімбетовтің Джеффри Эпштейнмен кездесулері мен байланыстары, әртүрлі бірлескен шара талқыланған.
Сондықтан депутат Эпштейн файлдарында аталған Қазақстан шенеуніктері мен оларға қатысты тұлғаларды, кездесулер сипатын, мақсаттарын анықтау, сондай-ақ басқа саясаткерлер, кәсіпкерлер мен шоу-бизнес өкілдерінің Қазақстанда немесе шетелде Эпштейнмен байланыстары болған-болмағанын тексеруді сұраған.