ЕрекшеҚоғам

«Еңбекке қабілетті адамдар өздерін де, отбасын да асырауы тиіс»: – Тоқаев

Қасым-Жомарт Тоқаев Ақмола облысында өткен жиында азаматтарды әлеуметтік қамтамасыз ету мәселесіне тағы тоқталды, деп хабарлайды Tizgin.kz Informburo.kz-ке сілтеме жасап.

КІРІСКЕ ҚАРАҒАНДА, ШЫҒЫН КӨП

Президент өз Жолдауында бюджет кірісіне қарағанда әлеуметтік қолдауға жұмсалатын шығын көп екенін, ал әлеуметтік міндеттемелердің үлесі сын көтермейтін деңгейге жетіп қалғанын айтқан болатын. Сондай-ақ өңірлерден астанаға бағытталған көші-қон себептеріне терең талдау жүргізуді тапсырған.

16 қыркүйекте өткен кеңесте Мемлекет басшысы бұл мәселе тек әлеуметтік емес, экономикалық сипаттағы күрделі түйткілдерге әкеліп отырғанын атап өтті. Мысалы, Астанада тіркелмеген 400 мыңға жуық адам бар екені айтылды.

Әкімдік бұл адамдармен жұмыс істеп, оларды орналастыруға, қызмет көрсетуге мәжбүр. 400 мың адам дегеніміз, бұл дербес бір қала. Бірақ олар ешқандай ресми статистикада көрсетілмеген. Бұл – ел ішіндегі теңгерімсіздіктің айқын көрінісі. Экономикалық тұрғыдан да солай. Себебі олар жүзден астам түрлі әлеуметтік көмекті қажет етеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

“САЛАДА ТӘРТІП ОРНАТУ ҚАЖЕТ”

Президент Қазақстан әлеуметтік мемлекет екенін еске салып, республика ешқашан халықты әлеуметтік қолдаусыз қалдырмайтынын жеткізді. Алайда бұл салада тәртіп орнату қажеттігін қадап айтты. Оның пікірінше, әлеуметтік көмекті тек шынымен мұқтаж жандар алуы керек.

Ал жұмыс істеуге қабілетті тұрғындар еңбектеніп, өздерін, отбасын, ата-анасын асырауы тиіс. Бұл – олардың азаматтық борышы, әрі менің Жолдауымның негізгі мәні. Өйткені қазіргі жағдаймен өмір сүру мүмкін емес. Бір кезеңде біз әлеуметтік шығындарды 50 пайыздан асырып жібердік. Ал Астана бойынша бұл көрсеткіш 60 пайызға жетіп отыр. Яғни, қалалық бюджеттің басым бөлігі әлеуметтік қажеттіліктерге жұмсалуда, – деді Мемлекет басшысы.

Back to top button