ПікірЭкономика

Ең төменгі жалақыны кемі 100 мың теңгеге көтеру керек – экономист

Белгілі экономист Сапарбай Жобаев Қазақстанда ең төменгі жалақыны 2026 жылы 85 мың теңге шегінде қалдырмау керек деп есептейді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

ЭКОНОМИСТ НЕ ДЕЙДІ

Сапарбай Жобаевтың сөзінше, қазір 85 мың теңге болып тұрған ең төменгі жалақыны жоқ дегенде 95-100 мың теңгеге көтеруге болады. Инфляция бізде онсыз да жоғары – 2-3%. Сарапшы Орталық Азия елдеріндегі ең төменгі және орташа жалақы туралы статистикалық деректерді келтіреді:

  • Қазақстан – 160 және 800 доллар.

    Қырғызстан – 30 және 410 доллар.

    Өзбекстан – 90 және 440 доллар.

    Тәжікстан – 55 және 250 доллар.

“Түрікмен бауырларымыздың деректері күмәнді. Себебі ресми доллар бағамы соңғы 4-5 жылда өзгермей тұр: 1$ = 3,5 манат. Ал шынайы (нарықтағы) бағам шамамен 1$ = 19-20 манат. Осылайша, ресми бағам бойынша ең төменгі жалақы 400 доллар болса, нақты бағаммен есептегенде шамамен 75 долларды құрайды”, – дейді ол.

ҮКІМЕТ ӨКІЛДЕРІ НЕ ДЕДІ

Осыдан бір апта бұрын Үкімет өкілдері ең төменгі жалақы келесі жылы 85 мың теңге болып қалатынын хабарлаған еді. Вице-премьер әрі ұлттық эконмика министрі Серік Жұманғариннің айтуынша, аталған мәселені кабмин қарастырып отырған жоқ. 

Маусым айының соңында республикалық бюджет «ең төменгі жалақыны көтеруге қауқарлы» екенін және «есептеулер жүргізіліп жатқанын» айтқан қаржы министрі Мәди Тәкиев бұл сөздерінің есептік болжам болғанын түсіндірді. Биыл маусым айының соңында Мәди Тәкиевтен бөлек, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова да журналистерге 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда ең төменгі жалақының көтерілетінін айтқан еді.

ПЕТИЦИЯ

20 тамызда Диас Абайұлы атты азамат «Қазақстанда ең төменгі жалақы 85 мың емес, 200 мың теңге болсын» деген талаппен петиция жариялаған. Ол Қазақстандағы ЕТЖ-ны басқа елдермен салыстырып, оның мөлшерін біздің елде кемі 200 мың теңге болуы керек деп есептейді. Петициямен мына сілтеме арқылы танысуға болады.

Back to top button