Еңбек министрлігіне жаңа вице-министр келді
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі болып Айнұр Әбдірахманова тағайындалды. Ол бұған дейін ведомствоның Әлеуметтік көмек департаментін басқарған, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Жаңа вице-министр туралы не белгілі
Айнұр Әбдірахманова 1984 жылы Ақмола облысында дүниеге келген. Д.А. Қонаев атындағы университетті, Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университетін, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын тәмамдаған.
Еңбек жолын 2005 жылы Ақмола облысы Қорғалжын аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде бастаған.
- 2007-2008 жылдары Целиноград ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде түрлі лауазымдарда қызмет атқарған.
- 2008-2020 жылдар аралығында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі құрылымдарында сарапшылық және басшылық қызметтерді атқарды.
Еңбек өтілі
- 2020-2022 жылдары «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ-да жұмыс істеген. 2022-2024 жылдары Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің департамент директорының орынбасары қызметін атқарды.
- 2024 жылдан бастап жаңа тағайындауға дейін министрліктің Әлеуметтік көмек департаментін басқарды.
Айта кетейік, 4 қараша күні Виктория Шегай Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі қызметінен босатылған болатын. Ол бұл лауазымды 2025 жылдың маусымынан бері атқарды.
Шегай бұған дейін Алматыда кішкентай сәбиін қолына ұстап, курьер болып жұмыс істеген әйелге қатысты айтқан пікірімен қоғам назарын аударған еді. Сол кезде шенеунік бұл жағдайды отбасылық бюджет пен отбасы ішіндегі қарым-қатынас мәселесі ретінде бағалаған болатын.