TOP-1Жаңалықтар

Еңбек министрлігі қандас мәртебесін алу жолындағы 9 қадамды атады

Қазақстанға қоныс аударуды жоспарлап отырған этникалық қазақтарға қандас мәртебесін алу тәртібі түсіндірілді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі елге көшіп келу үшін қандай кезеңдерден өту қажеттігін және мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау шараларын жариялады, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Ведомствоның мәліметінше, Қазақстанға қоныс аударуды көздеген этникалық қазақтар тоғыз кезеңнен өтуі тиіс. Олардың қатарында өңір таңдау, қазақ тілінен тест тапсыру, мемлекеттік тексеруден өту және қажетті құжаттарды рәсімдеу бар.

Қандас мәртебесін алу үшін не істеу керек

Бірінші кезең – өңір таңдау. Қоныс аудару үшін Қазақстанның жеті өңірі белгіленген. Үміткерлер алдын ала баспана мен жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін нақтылауы қажет.

Екінші кезең – ҚАЗТЕСТ тапсыру. Этникалық қазақтар testcenter.kz сайты арқылы қазақ тілін меңгеру деңгейін анықтайтын тесттен өтеді. Тыңдалым және оқылым бөлімдерін қамтитын 60 сұрақтың әр бөлімі бойынша кемінде 70 пайыз дұрыс жауап беру талап етіледі.

Үшінші кезең – сауалнама толтыру. Өтініш беруші білімі, еңбек тәжірибесі, кәсіби дағдылары, тіл білу деңгейі, денсаулығы және отбасы құрамы туралы ақпарат ұсынады. Осы мәліметтер негізінде балдық бағалау жүргізіледі.

Төртінші кезең – мемлекеттік тексеру. Үміткердің деректерін Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Ішкі істер министрлігі тексереді.

Бесінші кезең – әңгімелесу. Тексеруден кейін үміткермен әңгімелесу өткізіліп, оның қорытындысы бойынша шешім қабылданады.

Алтыншы кезең – қандас мәртебесін рәсімдеу. Балдық бағалаудан сәтті өткен азамат тиісті мәртебені алу үшін өтініш бере алады.

Қандастарға қандай көмек көрсетіледі

Жетінші кезең – мемлекеттік қолдау. Өңірлік квотаға енгізілген қандастарға көшу шығындарын өтеуге, тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерді төлеуге субсидиялар қарастырылған.

Сегізінші кезең – бейімделу. Арнайы орталықтар қоныс аударған азаматтарға құжат рәсімдеуге, жұмыс табуға және балаларын білім беру ұйымдарына орналастыруға көмектеседі.

Тоғызыншы кезең – тұрақты тұруға рұқсат алу. Қажетті рұқсат рәсімделгеннен кейін Қазақстанда тұруға ықтиярхат алуға болады.

Еңбек министрлігі елге көшуді жоспарлап отырған этникалық қазақтарға қажетті құжаттарды алдын ала дайындап, белгіленген рәсімдерден рет-ретімен өтуді ұсынды.

Мемлекеттік қолдау шаралары, оның ішінде көшуге және баспана жалдауға берілетін субсидиялар, өңірлік квотаға енгізілген азаматтарға қарастырылған.

Нұрай Әкіремхан

Нұрән Әділет – Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының білім саласына маманданған тілшісі. С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-ды “қазақ тілі мен әдебиеті” мамандығы бойынша тәмамдаған. Филология ғылымдарының магистрі. Еңбек жолын ШҚО-дағы “Өскемен” газетінде корректор, артынша тілші болып бастаған. 2022 жылы “Jana Bastau” газетінде редактордың орынбасары болған. Әр жылдары Inbusiness.kz сайтында корректор, Qaz365.kz порталында тілші, Kursiv Media-ның Business News бөлімінің тілшісі болып жұмыс істеген. 2026 жылдың наурыз айынан бастап Tizgin.kz порталының арнайы тілшісі.
Back to top button