Елдегі бірнеше әуежай сатылымға шығарылады
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі жекешелендіруге ұсынылған нысандар тізімін жариялады. Олардың қатарында Шымкент, Атырау, Ақтөбе, Павлодар, Түркістан және Қызылорда әуежайлары бар, деп хабарлайды Tizgin.kz kz.kursiv.media-ға сілтеме жасап.
ҚҰЖАТТА КӨРСЕТІЛГЕН ТӘСІЛ
Құжатта сенімгерлік басқару туралы жазылған.
“Қорқыт Ата әуежайы” АҚ (Қызылорда әуежайы). Іске асыру формасы: сенімгерлік басқару. Іске асыру мерзімі: 2026 жыл, – делінген.
Әуежайдың 100% акциясы облыс әкімдігіне, Жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасына тиесілі.
Құжатта нысанды іске асырудың ұсынылған тәсілі – азаматтық авиация саласындағы стратегиялық инвесторға мемлекеттік үлесті сату екені көрсетілген. Алайда сатуға берілген ұсынымда «сенімгерлік басқару» деп жазылды.
2024 жылы Қызылорда әуежайының табысы 828,4 млн теңгені құрады (2023 жылы – 746,9 млн теңге). Пайдасы – 5 млн теңге (2023 жылы – 3,7 млн теңге).
Түркістан халықаралық әуежайы да 2027 жылы осындай тәсіл бойынша жекешелендірілмек. 2024 жылы әуежай 905,8 млн теңге табыс түсірген (бұған дейін табыс болмаған) және 78,1 млн теңге шығын көрсеткен. Әуежайдың жалғыз иесі – Түркістан облысы Жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасы (облыс әкімдігі).
ӘУЕЖАЙЛАРҒА ТҮСКЕН ТАБЫС
Бұған дейін жергілікті әкімдік өкілдері “Курсив” басылымына Түркістанның шығынға батқан әуежайы вьетнамдық Sovico Group компаниясына сенімгерлік басқаруға берілген жағдайда үш жыл ішінде пайда табатын деңгейге шығуы мүмкін екенін хабарлаған болатын.
Павлодар әуежайы да 2027 жылы осы тәртіппен жекешелендіріледі. 2024 жылы оның табысы 430,2 млн теңгені құрады (2023 жылы – 412,5 млн теңге). Шығындары – тиісінше 106,6 млн және 55,9 млн теңге. Әуежайдың жалғыз акционері – Павлодар облысы әкімдігі атынан облыстық қаржы басқармасы.
Сонымен қатар 2027 жылы Хиуаз Доспанова атындағы Атырау халықаралық әуежайын да осындай схема бойынша жекешелендіру ұсынылған. Әуежай 2024 жылы 4,1 млрд теңге табыс (2023 жылы – 3,6 млрд теңге) тауып, 220,8 млн теңге пайда (2023 жылы – 235,8 млн теңге) көрген. Оның жалғыз акционері – Атырау облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы.
Тізімде сондай-ақ “Әлия Молдағұлова халықаралық әуежайы” (Ақтөбе әуежайы) және Шымкент әуежайы бар, бірақ олардың жекешелендіру мерзімі мен формасы көрсетілмеді.
Ақтөбе әуежайы өткен жылы 3,5 млрд теңге табыс (2023 жылы – 2,7 млрд теңге) тапты. Пайда – 61 млн теңге (2023 жылы – 75,9 млн теңге шығын). Облыстағы Қаржы басқармасы жалғыз акционер болып тұр.
Шымкент әуежайы 2024 жылы 7,9 млрд теңге табыс тапқан (2023 жылы – 4,4 млрд теңге). Пайдасы – 130,8 млн теңге (2023 жылы – 510,7 млн теңге). Акционер – Шымкент қалалық қаржы басқармасы.