Елде туу көрсеткіші төмендеді – әлеуметтанушы себебін айтты
Жыл басталғалы тоғыз ай ішінде Қазақстанда 249,3 мың сәби дүниеге келді, деп хабарлайды Tizgin.kz Orda.kz-ке сілтеме жасап.
СТАТИСТИКА НЕ ДЕЙДІ
Оның ішінде 128,4 мыңы – ұл, 120,9 мыңы – қыз бала. Бұл деректерді Ұлттық статистика бюросы ұсынды. Қалаларда 152,2 мың, ауылдарда 97,1 мың бала өмірге келген. Ең жоғары туу көрсеткіштері мына өңірлерде тіркелді:
- Түркістан облысы – 22,26 (әр мың адамға шаққанда);
- Шымкент қаласы – 21,46;
- Маңғыстау облысы – 21,26.
Биыл ұл балаларға қойылған ең танымал есімдер – Мұхаммед, Әлихан, Айсұлтан. Қыздар есімдерінің ішінде Айлин, Асылым, Медина жиі кездескен.
КӨРСЕТКІШ НЕГЕ ТӨМЕНДЕДІ
Әлеуметтанушы Гүлмира Илеуова Orda.kz басылымына берген сұхбатында бұл үрдісті елде нақты демографиялық саясаттың болмауымен және урбандалу қарқынының үдеуімен байланыстырды. Оның айтуынша, қала халқы уақыт өткен сайын көбейіп келеді, ал дәл осы қалаларда туу көрсеткішінің айтарлықтай төмендеуі байқалады. Сарапшының сөзінше, карантин кезіндегідей күрт өсім мектептер мен балабақшаларға салмақ түсіреді, өйткені жүйе мұндай өзгерістерге ілесіп үлгермейді.
Илеуова сонымен бірге туу бойынша қандастар бірқалыпты көрсеткішті ұстап тұр, ал шаһарларда осы жағы кемшін екенін жеткізді. Мәлім болғандай, елдің оңтүстігі мен батысындағы дін мен мәдениет көп бала табуды қолдайды, бірақ әлеуметтік қолдау деңгейі әлі де төмен.
Ресейлік демограф Алексей Ракшаның айтуынша, Қазақстандағы медиан жасы – 32. Бұл көрсеткіш Еуропа мен Ресейден айтарлықтай төмен.