Елде инфляция баяулай бастады
Биылғы наурыз қорытындысында елдегі жылдық инфляция 11%-ға жетті. Ақпан айында бұл көрсеткіш 11,7%-ды көрсеткен болатын, деп хабарлайды Tizgin.kz Zakon.kz-ке сілтеме жасап.
ӨСІМ ДИНАМИКАСЫ ҚАНДАЙ
Ең көп қымбаттаған тауарлар – азық-түлік, олардың бағасы 11,7%-ға өсті. Тамақтан тыс тауарлардың құны 11,3%-ға, ақылы қызметтердің бағасы 10%-ға артқанын Ұлттық статистика бюросы хабарлады. Айлық инфляция 0,6%-ды құрап, ақпан айымен салыстырғанда баға өсімі 0,5%-ға баяулаған.
Баға өсімінің динамикасы ай бойынша төмендегідей:
- Желтоқсан (2025) – 12,3%
- Қаңтар – 12,2%
- Ақпан – 11,7%
- Наурыз – 11,0%
ҚОСЫМША ТРАНСФЕРТТЕР ТОҚТАТЫЛА МА
Қазақстанның Ұлттық банкі 11 наурыздағы ақша-кредит саясаты туралы баяндамасында бағаның өсімінің бәсеңдеуіне бірнеше фактор әсер еткенін атап өтті. Соның ішінде тұтынушылық белсенділіктің төмендеуі, халықтың тамақтан тыс тауарларға және ірі сатып алуларға шығындарын қысқартуы, тұтынушылық кредиттердің азаюы, өткен жылдың жоғары базасы, теңгенің нығаюы, тұрғын үй-коммуналдық қызмет тарифтері мен жанар-жағармай бағаларына мораторийлер маңызды рөл атқарған.
Орта мерзімді перспективада бағаға қысым салықтық консолидация, Ұлттық қордан қосымша трансферттердің тоқтатылуы және квазифискалдық ынталандырудың қысқаруы арқылы төмендеуі күтілуде. Сонымен қатар, үкімет, Ұлттық банк және АРРФ бағдарламасы шеңберіндегі антиинфляциялық шаралар да әсер етеді.
ҰЛТТЫҚ БАНК БОЛЖАМЫ
Ұлттық банктің болжамына сәйкес, 2026 жылы инфляция 9,5–11,5% аралығында болады. 2027 жылы айтарлықтай төмендеп, 5,5–7,5%-ға дейін жетеді, ал 2028 жылы шамамен мақсатты деңгейге – 5%-ға жақындайды.
Айта кетейік, наурыз айындағы инфляцияның 11%-ға дейін төмендеуі халықаралық сарапшылардың болжамынан да төмен болды. Мысалы, Goldman Sachs банкі 11,4%-ға дейін төмендеуін күткен еді.