ЕрекшеЖаңалықтар

Ел мүддесіне қызмет ете береміз – Руслан Желдібай

Президенттің баспасөз хатшысы әрі көмекшісі қызметінен босатылған Руслан Желдібай өзіне қолдау білдірген көпшілікке алғысын айтып, телеграм-арнасында жазба жариялады, деп жазады Tizgin.kz.

Руслан Желдібай жекесіне келген хаттар мен телефонына түсіп жатқан қоңырауларға бірден жауап беруге мүмкіндігі болмағанын жазып, баршаға жеке-жеке алғыс айта алмаса, түсіністікпен қабылдауды өтінген.

“Бірге қызмет атқарған әріптестеріммен де толық қоштасып үлгермедім. Бәріміздің мақсатымыз – бір, арманымыз – ортақ. Ол – Мемлекетіміздің бүгіні мен болашағына адал қызмет ету. Сол жолда әрқайсысыңызбен тізе қосып еңбек ету мен үшін маңызды кезең болды. Бұл уақыт мемлекеттік қызметтің, ортақ жауапкершілік пен жүйелі жұмыстың мәнін терең түсінуге мүмкіндік берген тәжірибе ретінде мәңгі жадымда қалады. Барша әріптесімнің алда атқаратын қызметіне табыс пен сәттілік тілеймін. Ең бастысы, осындай жауапты міндеттерді атқаруға мүмкіндік берген Мемлекет басшысына шынайы ризашылығымды білдіремін!

Жасымызға қарамай зор жауапкершілік жүктеуі біздің буынға және болашаққа деген сенім деп қабылдадым. Мұндай сенімге ие болу мен үшін әрдайым зор мәртебе. Мемлекет басшысына алғысым шексіз!Болашақта да ел мүддесіне қызмет ете береміз. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!” – деп жазды Руслан Желдібай.

Осы аптада президенттің баспасөз хатшысы ауысты. Мемлекет басшысының жарлығымен Руслан Желдібай қызметінен босатылды. Оның орнына бұрын СІМ ресми өкілі болған Айбек Смадияров президенттің кеңесшісі әрі баспасөз хатшысы болып тағайындалды.

Back to top button