TOP-2Қоғам

«Екінші әйелімді шәкіртіме үйлендірдім» деген имамға айыппұл салынды

Имамнан сұхбат алған журналист те айыппұл арқалаған

Алматы қаласының полиция департаменті имам, хазрет, теолог-ғалым Құрбанәлі Ахметтің сұхбатына реакция білдірді. Департамент сұхбатта айтылған бір сөз үшін имамға да, оған сұрақ қойған журналиске де айыппұл салынғанын хабарлайды, деп жазады Tizgin.kz.

ДЕПАРТАМЕНТ НЕ ДЕЙДІ

Алматының полициясы имамның сұхбатынан кейін мемлекеттік органдар тиісті тексеру жүргізгенін хабарлайды. Тексеру барысында сұхбат кезінде Қазақстан заңнамасына қайшы келетін мәлімдемелер (мысалы, әйелдерінің бірін шәкіртіне беру туралы) айтылғаны, сондай-ақ қоғамдық сана мен конфессияаралық келісімге кері әсер етуі мүмкін мәселелер қозғалғаны анықталған.

“Алматы қаласы дін істері жөніндегі басқармасы өз құзыреті шеңберінде аталған пікірлерді айтқан тұлғаға қатысты шара қабылдап, оны әкімшілік құқыққұзушылық туралы кодексінің 490-бабы бойынша діни қызмет саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартып, айыппұл салды. Сондай-ақ аталған азаматтың ресми діни қызметкерлер қатарына жатпайтыны анықталды.

Өз кезегінде Алматы қаласының полиция департаменті аталған материалдың таралу фактісіне құқықтық баға берді. Айта кету керек, айтылған пікірлердің мазмұны үшін оның авторы жауап беретін болса да, құқық бұзушылық белгілері бар материалдарды тарату да заң талаптарына сәйкес жауапкершілікке жатады. Жарияланым авторы да ҚР ӘҚБтК-нің 490-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды”, – делінген хабарламада.

Алматы полициясы діни қызмет саласындағы Қазақстанның заң талаптарын қатаң сақтау қажеттігін, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдары мен интернет кеңістігінде материал тарату кезінде жауапкершілікпен қараудың маңызын атап өтті. Қоғамдық тұрақтылық пен конфессияаралық келісімге нұқсан келтіруі мүмкін контентті жариялау және таратуға жол берілмейтінін ескертеді.

ӘҢГІМЕ КІМ ЖАЙЛЫ

Жақында имам, хазрет, теолог-ғалым Құрбанәлі Ахмет журналист Жанар Байсемізге берген сұхбатында екінші әйелін өзінің сұрауымен шәкіртіне үйлендіргенін мәлімдеген еді. Имам екінші әйелін қайын атасы сыйлағанын және оны бәйбішесінің рұқсатынсыз алғанын жасырмай айтқан.

“Бірінші әйелімнен рұқсат сұраған жоқпын. Екінші қабырғамды қайын атам “мына қызды аласың” деп сыйлыққа беріп кеткен. Қайын атам мені жақсы көрді. Қазақтың әдеті ғой. Екінші әйеліммен 4 бала, 1 қыз дүниеге әкелдім. Бәрі қари, Құранды толық жаттаған, намаз оқиды, ғибадат қылады”, – дейді Құрбанәлі Ахмет.

Алайда кейін екінші әйелімен жанжалдасып қалып, ол басқа күйеуге тиетінін айтқан.

“Ол қабырғам кейін менімен ұрысып қалып “болды, сенімен ажырасамын, байға тиемін” деп жынданды. “Сен ақымақсың ғой, мен саған бай тауып берейін” дедім де, жақсы шәкіртіме үйлендірдім. “Жақсы бай таппайсың ғой, көшеде жезөкше болып, мені шарманда қыларсың” дедім. Өзі менен талап етті. “Байға тиемін” деді. Менен өш алмақ болған түрі ғой. “Шәкірттерімнің арасынан біреуін таңда, қалағаныңмен некелеп, тойыңды жасап беремін” дедім. Үлкен әйелім кемпір болды,екіншісі кетті, кейінгі әйелім қызметке келді, жас, қазір жақсы ықылас қылып, қызмет қылып жүр”, – деді имам.

Сұхбаттың қаралымы аталған арнада 300 мыңнан асып кеткен.

Back to top button