ЕрекшеЖаңалықтар

Екі жыл тергеуде болған «Қазарнаулыэкспорт» мекемесінің экс-басшысы сотталды

2023 жылы қамауға алынған «Казспецэкспорт» РМК-ның бас директоры Арман Рамазанов 11 жылға сотталды, деп хабарлайды Tizgin.kz порталы Қаржылық мониторинг агенттігінің (ҚМА) баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында мемлекеттік қорғаныс тапсырысы саласындағы қаржы жымқыруға қатысты резонансты іс қаралды. (…) Сот үкімімен РМК бас директоры – Рамазанов А.К. 11 жылға бас бостандығынан айырылды, РМК департамент директоры Кудабаев А.Т. – 10 жылға сотталды. Қалған тоғыз айыпталушы әртүрлі мерзімге бас бостандығынан айырылды», – делінген жұма күнгі хабарламада.

Бұған қоса, сот мемлекет мүддесіне Т1,6 млрд өндіріп беруге шешім шығарып, құны Т607 млн болатын мүлікті тәркілеуге қаулы етті.

«2023 жылы Қаржылық мониторинг агенттігі әскери мақсаттағы өнімдерді сатып алуға бөлінген бюджет қаражатын жымқыру мен сыбайлас жемқорлыққа қатысты айып тағылған «Казспецэкспорт» РМК-ның лауазымды тұлғаларын және адал емес жеткізушілерді ұстады. Мемлекетке келтірілген шығын Т1,6 млрд-тан асты», – деп нақтылады ҚМА. Сондай-ақ үкімнің заңды күшіне әлі енбегенін атап өтті.

Еске сала кетейік, 2023 жылғы қарашада «Казспецэкспорт» компаниясында тінту және құжаттарды тәркілеу жүргізілген болатын. Ол кезде КазТАГ агенттігі «Казспецэкспорт» бас директоры Арман Рамазановтың екі айға қамауға алынғанын хабарлаған еді.

2024 жылғы 29 ақпанда «Казспецэкспорт» РМК-ның бас директордың міндетін атқарушысы Аршат Аяғанов қамауға алынды. 2025 жылғы 23 қаңтарда Аяғанов төрт жыл сегіз айға бас бостандығынан айырылды.

Back to top button