“Екі-үш кредитті қалай біріктіріп төлеуге болады” деген тақырыпта Tizgin.kz порталына ақпарат шыққалы көп оқырман редакцияға хабарласып, несиелерді қалай біріктіруге болатынын сұраған. Бұл сұрақты портал тілшісі Қазақстанның қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Қизатовқа қойды.
Олжас Қизатов аталған платформаға тек екі-үш банк мен микроқаржы ұйымы қосылғанын айтады.
“Ол жүйе жұмыс істеу үшін банктер мен микроқаржы ұйымдардың көбі қосылуы керек. Қазір біз оларды күтіп отырмыз. Банктерге біз міндетті түрде “сол жүйеге қосылыңдар” деп талап ете алмаймыз. Қазір келіссөздер банктермен жүргізіліп жатыр. Қиын жағдайға түскен азаматтарға көмектесу керектігін бәрі түсінеді. Идея жақсы. Қысқаша уақытта жұмыс істейді деп ойлаймын”, – дейді ол.
НЕСИЕЛЕР БІРІКТІРІЛЕДІ
Олжас Қизатовтың сөзінше, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі проблемалық қарыздарды ұжымдық тұрғыда реттеу үшін арнайы цифрлық платформа әзірлеген. Енді банктер осы платформаға бірігуі керек.
«Егер банкте немесе микроқаржылық ұйымда төлей алмай жатқан кредитіңіз болса, соған жүгіне аласыз. Бірақ біз әуелі сол платформаға банктердің бәрін тіркеуіміз керек. Сол платформадан азаматтардың қарызы жөнінде ақпарат жинаймыз. Қанша банкке қанша қарыз екеніңізді есептеуіміз керек. Содан кейін кредиторлармен, яғни банктермен бірге жұмыс істейміз. Бір кесте бойынша бір төлем бекітілуі керек. Мәселен, бүкіл қарызыңызды қосқанда 1 млн теңге дейік. Сол қарыз бойынша біз жаңа кесте жасаймыз», — дейді Қизанов.
Агенттік төрағасының орынбасарының айтуынша, қарызы бар азамат бір банкке ғана қарызын төлейді. Сол банк азаматтың басқа банктер алдындағы қарызын бөліп беріп отырады.
Екі-үш кредит біріктірілген кезде бұл жағдай кредиттік тарихқа әсер ете ме? Бұл сұраққа жауап берген Олжас Қизатов «егер несиенің бәрі уақытында төленбеген соң, әлбетте әсер етеді» деп жауап берді. Кредиттердің бәрі өтелген соң ғана несиелік тарих түзеледі.