ЕАЭО елдері интернеттегі пираттыққа қарсы ортақ ереже бекітеді
Қазақстанның сауда және интеграция министрлігі интернеттегі зияткерлік меншік құқықтарын қорғау бағытында ЕАЭО елдерімен бірлескен жаңа келісім жобасы әзірленіп жатқанын хабарлады. Құжат цифрлық ортада фильмдер, музыка, кітаптар мен өзге де авторлық құқық объектілерін заңсыз пайдалануға қарсы ортақ тетіктерді енгізуді көздейді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Ортақ ереже нені көздейді
Келісім жобасы фильмдер, музыка, кітаптар және өзге де авторлық құқық объектілерін интернетте заңсыз пайдалануға қарсы күресті күшейтуге бағытталған. Министрлік мұндағы негізгі мақсат — ЕАЭО елдерінде цифрлық кеңістікте бірыңғай ұстаным қалыптастырып, құқық иелерінің мүддесін тиімді қорғау екенін ескертеді.
Құжатта контрафактілік контент орналастырылған сайттар мен онлайн-ресурстарға қолжетімділікті шектеу мәселелері қарастырылған. Яғни авторлық құқықты бұзған платформаларға қатысты шаралар барлық мүше мемлекеттерде бірдей қағидаттар бойынша қолданылуы мүмкін.
Сот шешімімен сайттар бұғатталады
Келісім аясында авторлық құқық бұзушылық анықталған жағдайда, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің бірінде қабылданған сот шешімі негізінде интернет-ресурстарды бұғаттау мүмкіндігі қарастырылады. Бұл ретте сайт иелері, хостинг-провайдерлер және өзге де ақпараттық делдалдар заңсыз контентке қолжетімділікті шектеу бойынша тиісті шаралар қабылдауға міндетті болады.
Сонымен қатар ЕАЭО елдерінде зияткерлік меншік құқықтарын бұзуға байланысты бұғатталған интернет-ресурстардың ұлттық электрондық тізілімдері құрылады. Бұл тізілімдер уәкілетті органдар арасында ақпарат алмасуға, қабылданған шешімдердің ашықтығын арттыруға және заңсыз контентпен күресті үйлестірмек.
Сауда министрлігі келісімді іске асыру интернеттегі пираттық контенттің таралуын азайтып, цифрлық нарық қатысушылары үшін түсінікті әрі болжамды жағдай қалыптастыруға, сондай-ақ ЕАЭО кеңістігінде адал бәсекенің дамуына ықпал ететінін атап өтеді.