Жаңалықтар

Досаев тағы бір қызметінен айырылды

Президенті Әкімшілігі басшысының бұрынғы орынбасары Ерболат Досаев «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорындағы жұмысын тоқтатты, деп хабарлайды Tizgin.kz.

КЕҢЕС ҚҰРАМЫНДА КІМДЕР БАР

Тиісті құжат Қаржылық есептілік депозитарийінің ресми сайтында жарияланды. Соған сәйкес, «Самұрық-Қазына» қорының жалғыз акционері 25 наурыз күні Ерболат Досаевты директорлар кеңесі құрамынан шығару туралы шешім қабылдаған. Қазір кеңес құрамында Олжас Бектенов, Болат Жәмішев, Лука Сутера, Вонг Хэн Файн, Нұрлан Жақыпов және Мохаммед Джамиль Әл Рамахи бар.

МӘН-ЖАЙЫ

Еске сала кетейік, бұған дейін 25 наурызда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ерболат Досаевты Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары қызметінен босатқан болатын. Ол бұл лауазымда жарты жылдан сәл астам уақыт жұмыс істеді, 2025 жылғы 19 қыркүйекте тағайындалған еді.

Сонымен қатар, 12 қаңтар күні KASE сайтында жарияланған «Бәйтерек» ұлттық холдингі құжатына сәйкес, Досаев аталған холдингтің директорлар кеңесіне енгені хабарланған болатын.

Ерболат Досаев 1970 жылғы 21 мамырда Алматы қаласында дүниеге келген. Алматы энергетика институтын және Мәскеу мемлекеттік техникалық университетін (Бауман атындағы) «электрондық техника инженері» мамандығы бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолын жекеменшік секторда бастап, қаржы және өнеркәсіп салаларындағы бірқатар компанияларда басшылық қызметтер атқарды. Олардың қатарында «Акцепт» корпорациясы мен екінші деңгейлі банктер бар. Әр жылдары Премьер-Министрдің кеңесшісі, энергетика, индустрия және сауда вице-министрі, кейін қаржы вице-министрі болды.

Кейін Табиғи монополияларды реттеу агенттігін басқарды, сондай-ақ Қаржы министрі және Денсаулық сақтау министрі қызметтерін атқарды.

Back to top button