
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының мүшесі Елбек Тасболатұлы Хожамұратов Қазақстанда донор болу, ағза ауыстыру Шариғатқа қайшы емес екенін айтады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Оның сөзінше, ҚМДБ бірнеше жыл бұрын сондай пәтуа шығарған.
«Өзіндік шарттарымен тірі адамнан тірі адамға, қайтыс болған адамнан тірі адамға болсын ағза ауыстыруға болады деген пәтуа шыққан. Бұл – дініміздің Құран-сүннет ғалымдардың пікіріне негізделген пәтуа болып есептеледі. Сондықтан, дін жағынан мәселе болмауы керек деп есептейміз», – дейді Елбек Хожамұратов.
ДОНОР ДЕГЕН КІМ
Донорлық — адамның өз ағзасынан немесе оның компоненттерінен (қан, ағзалары, т.б.) басқа адамға (немесе медициналық мақсатқа) қажетті биоматериал беру ісі. Бұл адам өмірін сақтап қалу, денсаулығын жақсарту үшін қолданылады. Ресми ақпараттарға сенсек, оның бірнеше түрі бар. Бүгінде ең көп тараған түрі – қан донорлығы. Біреуге ота жасалса, жарақат алып, қан жолғалтса адам қан береді (әдетте 450 мл-дей). Ағзаларды трансплантациялау бойынша тірі және мәйіттік донор деген бар.
Тірі донор — адамның көзі тірі кезінде өз ағзасының бір бөлігі беріледі.
Мәйіттік донорлық — адам қайтыс болғаннан кейін оның ағзалары сұранымдар бойынша беріледі.