Депутат Назарбаевтың елден шығуын шектеуді ұсынды
Бұл бастаманы ол мемлекеттік құпияға қолжетімділік пен ұлттық қауіпсіздік мәселелерімен байланыстырды, деп хабарлайды Tizgin.kz Orda.kz-ке сілтеме жасап.
ДЕПУТАТТЫҢ БҰЛАЙ ДЕУІНЕ КРЕМЛ САПАРЫ СЕБЕПШІ МЕ
Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи мемлекеттік құпияға қолы жететін бұрынғы жоғары лауазымды шенеуніктердің шетелге шығуын заңнамалық тұрғыда шектеуді ұсынды. Солардың қатарына ол тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевты да енгізді.
Бұл бастамаға жақында Назарбаевтың Кремльде Ресей президенті Владимир Путинмен кездесуі түрткі болған. Бапидің пікірінше, мұндай сапарлар ұлттық қауіпсіздікке белгілі бір мөлшерде қауіп төндіруі мүмкін.
Ермұрат Бапи экс-президенттер, министрлер және басқа да бұрынғы шенеуніктер иелік ететін мемлекеттік құпиялар ел қауіпсіздігінің маңызды факторы болып қала беретінін атап өтті. Сондықтан олардың шетелге шығуына құқықтық тосқауыл қою қажет деп санайды. Мысал ретінде депутат халықаралық тәжірибеге, соның ішінде Қытайдағы шектеулерге сілтеме жасады.
«Сондықтан ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін мемлекеттік құпияға қолжетімділігі бар адамдардың шетелге шығу мүмкіндігін реттейтін заң қажет», – деп жазды Бапи.
“ЭКС-ПРЕЗИДЕНТ ҮШІН ТРАГЕДИЯ”
Ол Назарбаев пен Қайрат Қожамжаров сияқты тұлғаларға алдын ала «шекаралық бақылау» немесе «қызыл жалау» тәрізді тетіктер енгізуді ұсынды. Депутат сөзінше, экс-президенттің Мәскеуге сапары Қазақстанның мемлекеттік органдары мен қоғамына қысым ретінде қабылдануы мүмкін. Кейін журналистер сұрақтарына жауап берген Ермұрат Бапи бұл жағдайдан ел үшін қандай да бір саяси пайда көріп отырмағандығын да айтты.
«Өз еліне, өз жұртынан арқа сүйей алмаған адамды аяймын. Енді ол қолдауды елден тыс жерден іздеуге мәжбүр. Бұл экс-президент үшін трагедия», – деді депутат.