Сәтпаев Ұлттық құрамаға ілікпеуі мүмкін бе – менеджер жауап берді
17 жастағы қазақстандық футболшы Дастан Сатпаев 2026 жылы Ұлттық (ересектер) құрамаға шақырту алмауы мүмкін, деп хабарлайды Tizgin.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.
Дарынды футболшының 2026 жылы команда тізімінде болмау себебі сол, 19 жасқа дейінгі жастар құрамасының 2026 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу кезеңіне қатысуы.
ҚФФ Ұлттық құрамалар департаментінің менеджері Рахат Әкімқұлдың айтуынша, жасы жағынан Сатпаев Қазақстанның U-19 құрамасына толық сәйкес келеді және оның тәжірибесі мен шеберлігі жастар командасына іріктеудің шешуші кезеңінде айтарлықтай көмек болмақ.
Дастан Сатпаев U-19 құрамасы сапында ойнай алады. Егер біздің жаттықтырушылар штабы негізгі құрам бапкерлерімен келіссе, оны шақыруға мүмкіндік бар. Өйткені ол 2008 жылы туған. Бізде 2007-2008 жылдары дүниеге келген футболшылар бар. Ол наурыз айында Қазақстанда өтетін FIFA Series турнирі аясындағы Ұлттық құраманың жолдастық матчтарына қатысады. Егер бапкерлер штабы оны жолдастық кездесулерге емес, элиталық раундтағы ресми матчтарға тарту жөнінде келіссе, ол да құба-құп, – деді Әкімқұл ҚФФ президентінің кеңесшісі Нұрсұлтан Құрманмен әңгіме барысында.
Еске сала кетейік, Қазақстанның U-19 жастар құрамасы Еуро-2026 іріктеуінің элиталық раундында 5-ші топқа түсті. Бұл топта Украина, Румыния және Солтүстік Ирландия құрамалары қарсылас болмақ
УЕФА шешіміне сәйкес, топтағы барлық мат 2026 жылғы 25-31 наурыз аралығында Румыния аумағында өтеді.