Без рубрикиЕрекшеҚоғам

“Дараның” бұрынғы басшысы Турловқа тиесілі медиахолдингті тізгіндеді

Жаңа қызметінде Тауан бұған дейін өзі бастаған жобаларды аяқтауы тиіс, деп хабарлайды Tizgin.kz BES.media-ға сілтеме жасап.

Белгілі кәсіпкер Тимур Турлов акционері болып саналатын UNI-Q Group медиахолдингі басшылығына Мұхамедқали Тауан тағайындалды. Бұл шешім холдингтің жалпы жиналысынан кейін белгілі болды. Жиында алдағы кезеңге арналған басым бағыттар да айқындалғанын «Қазинформ» агенттігі хабарлады.

МҰХАМЕДҚАЛИ ТАУАН ДЕГЕН КІМ

UNI-Q Group-қа келгенше Мұхамедқали Тауан Президенттік бастамалар қоры Dara, «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО), Ұлттық инвестициялық корпорация және өзге де құрылымдарда басшылық қызметтер атқарған. АХҚО аясында ол креативті экономиканы дамытуға бағытталған нормативтік-құқықтық актілер әзірлеуге қатысқан.

Жаңа қызметінде Тауан бұған дейін өзі бастаған жобаларды аяқтауы тиіс. Олардың қатарында түрік-америкалық Karga Seven Pictures студиясымен бірлесіп түсіріліп жатқан «Алтын Империя» телесериалы да бар.

Жаңа міндеттерге байланысты медиахолдингтің Астанада кеңсесін ашу туралы шешім қабылданды. Бұл кеңсе мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылды үйлестіруге жауапты болады. Ал негізгі креативті және техникалық бөлімшелер Алматыда қала бермек.

Дмитрий Гудумак со-CEO қызметін сақтап, стратегиялық даму бағытын қадағалайды. Анара Жүнісова Unico Studio-ны басқаруды жалғастырып, Unico Play платформасының бас продюсері қызметін атқара береді.

UNI-Q GROUP ДЕГЕН НЕ

2024 жылы құрылған UNI-Q Group медиахолдингі жеке инвесторлар қаржысы есебінен дамып келеді. Алғашқы инвесторлардың бірі – Тимур Турлов. Холдинг құрамына мыналар кіреді:

  • Unico Play – онлайн-кинотеатр;
  • Unico Studio – контент өндіру студиясы;
  • Unico Dubbing – жасанды интеллектке негізделген дубляж және субтитр сервисі;
  • Unico Rights – дистрибуция жүйесі;
  • AINA – қазақ тіліндегі ойын-сауық медиасы;
  • Unico Lab – жас креаторларға арналған алаң.

МӘН-ЖАЙЫ

2025 жылдың соңындағы деректерге сәйкес, Unico Play платформасын 500 мыңнан астам бірегей көрермен пайдаланған, ал ай сайынғы белсенді қолданушылар саны (MAU) 1,3 млн-нан асқан. Сонымен қатар пираттық сайттарды бұғаттау және зияткерлік меншікті қорғау бағытында жұмыс жүргізіліп жатыр.

2024 жылдың қыркүйегінде Қазақстанда жұмысын бастаған UNI-Q Group медиатобы бірқатар инвестордың қолдауына ие болатыны белгілі болған еді. Олардың қатарында Тимур Турлов пен Президенттік бастамалар қоры Dara бар. Қолда бар ақпаратқа сәйкес, үш жыл ішінде жобаға 50 млрд теңгеден астам (100 млн АҚШ долларынан жоғары) инвестиция салу жоспарланған.

Back to top button