Дәрігерлер үйіндегі шу: Петропавлда ақ халаттыларды қызметтік үйден күштеп шығарып жатыр
Осыдан он бес жыл бұрын Петропавлда ондаған медицина қызметкері «Дәрігерлер үйіне» қоныстанған еді. Сонда үйдің кілтін облыс басшысы Серік Билялов салтанатты түрде табыстады, деп хабарлайды Tizgin.kz Orda.kz-ке сілтеме жасап.
БОСАТ ДЕГЕН ТАЛАП ҚОЙЫП ЖАТЫР
Аталған шара кезінде облыс әкімі «медицина саласында тер төгіп жүргендер баспанасыз қалмайды» деген уәдесін берді. Бірақ бүгінде сол уәде орындалмай, дәрігерлер далада қалудың алдында тұр. “Үйді босатыңыздар” деген талап қойылды.
Жоғары санатты кардиолог Ділмурат Шавдулов жұмыс істеген жылдары ондаған адамның өмірін құтқарған маман. Бірақ қазір оның отбасына қоғамдағы резонанс та, адамгершілік қасиеттер де еш әсер етпей отыр. Оның жұбайы Динара Өмірзақова – қоғамдық кеңес мүшесі, белсенді. Қазір ол соңғы күшін әділет жолында жұмсап жатыр.
Өткен жылдың мамыр айында бізге үйден шығарылатынымыз жөнінде ескертулер келе бастады. Бұған дейін ешқандай жиналыс өткізілген жоқ. Бар айтқандары: «Ерікті түрде шықпасаңыздар, сот арқылы шығарамыз», – деп еске алады Динара.
Бұл үйде қазір жалғызбасты ата-аналар, декреттік демалыстан енді шыққан жас аналар, мүгедек адамды бағып отырғандар тұрады. Шағын пәтерлер – олардың жалғыз баспанасы.
ШАРТТА НЕ ЖАЗЫЛҒАН
Соңғы екі жылда бұл отбасылар өз құқықтарын дәлелдеуге тырысып келеді. Алғашқы сот талап-арызы – тұрғын үй комиссиясының заңсыз әрекеттеріне қатысты болған. Алайда мүлде қаралмады. Екінші талап – пәтерлерді жекешелендіру туралы – сотта қабылданды, “бірақ бұл үй «жатақхана» ретінде тіркелген” леген ескерту жасалды.
Заң бойынша, егер жатақхана пәтерлері «уақытша берілген тұрғын үй» мәртебесінде болмаса, оларды жекешелендіруге болады. Ал дәрігерлердің қолындағы ескі келісімшарттарда мұндай шарт көрсетілмеген.