БЖЗҚ-дан тіс емдеу сылтауымен ақша алған азаматтар жазаланбайды

Заң алдында жауап беруге стоматологиялық клиникалар мәжбүр болады. Қаржы мониторингі агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесовтің айтуынша, азаматтарға ешқандай шағым болмайды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
«Олар өз ақшаларын алды. Иә, олар, былайша айтқанда, оны мерзімінен бұрын алды, бірақ заңсыз ақша шығарумен тікелей айналысқан адамдар қылмыстық жауапкершілікке тартылады», – деді Елемесов.
Азаматтардың зейнетақы жинақтарын пайдалану үшін заңды негіздері бар – мысалы, тұрғын үй сатып алу немесе белгілі бір медициналық қызметтерге төлеу секілді. Алайда бұл жағдайда мұндай негіздер болмаған.
«Мұнда қордан ақшаны заңсыз шығару орын алды. Қор осы қаражатты зейнет жасына дейін инвестициялап, пайда табу мүмкіндігінен айырылды. Сондықтан бұл жерде БЖЗҚ зардап шеккен тарап болып саналады», – деп түсіндірді ол.
БЖЗҚ ресми түрде жәбірленуші деп танылды, қылмыстық іс тергеліп жатыр. ҚМA мәліметінше, бірнеше адам қамауға алынған.
Қыркүйек айының ортасында ҚМA-ның тергеу топтары Атыраудағы стоматологияларда жаппай тінту жүргізді. Тергеу дерегінше, бір клиника 22 млрд теңгеден астам, екіншісі – 20 млрд, үшіншісі – 18 млрд, төртіншісі – 13 млрд және бесіншісі шамамен тоғыз миллиард теңге шығарған.