ЕрекшеЖаңалықтарЭксклюзив

Қор және ғылым Назарбаев Университетін бюджетке тәуелділіктен құтқара ала ма

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Tizgin.kz порталына берген жауабында мемлекет бюджеті тарапынан Назарбаев Университетіне қаншалықты қолдау көрсетіліп отырғанын және ол қолдау қаншалықты жалғасатынын айтып берді.

МИНИСТР НЕ ДЕЙДІ

“Қазір біз Назарбаев Университетінің қаржыландыруын 2021 жылдан бастап 43 млрд теңге шегінде – бір деңгейде ұстап тұрмыз. Оның алдында қомақты қаржыландыру болған. Қазір тек мемлекеттік тапсырыс қалды. 2026 жылы да бұл мөлшер өспейді, – дейді Саясат Нұрбек.

Нұрбектің айтуынша, осы мемлекеттік тапсырыс жылына 5-6 мың студентті тек оқытуға бағытталған. Оның үстіне 5-6 млрд теңге мөлшерінде оқу орнына ғылыми гранттарға қаражат бөлінеді. Саясат Нұрбек десе де, бұл қаражат жеке бөлінбейтінін, ашық конкурс арқылы басқа университеттермен бәселесу кезінде өздері ұтып алған соң аударылатынын хабарлайды. 

“Бюджеттен басқа ақша көзделмеген. Бұрын Назарбаев Университетінің дамуына бөлек, арнайы қаржы көзделген. Оны алдыңғы жылдан бастап алып тастадық. Енді тек мемлекеттік тапсырыс, гранттар және ғылыми конкурстар арқылы бөлінеді. Ақырындап оқу орнында қаржы моделі түзеліп келе жатыр. Назарбаев Университетінің ең үлкен эндаумент қоры бар. Демеушілері де бар. Сондықтан, ол өз-өзін қамтып отыр”, – дейді ол.

Саясат Нұрбектің айтуынша, Назарбаев Университетіне қосымша қаражат ғылымнан келетініне сенімді. 

“Вице-премьер Ермек Беделбайұлы университеттерге ғылымды коммерцияландыруды күшейтуді қатаң тапсырды. Сол арқылы мемлекет университеттер өздігімен қаражат табуы керек деген ұстанымда. НУ-дың ғылыми жетістіктері коммерциялану деңгейіне шықты. Жақсы жобалар бар. Бір ғана мысал келтірейін: қазір тау-кен саласына байытудың жаңа тәсілдерін НУ “Қазақмысқа”, “ERG” секілді компанияларға бере алады. НУ-ды бір соған итермелеп жатырмыз. Базасы да, зертханасы да мықты”, – дейді Саясат Нұрбек.

НУ-ДЫ ҚАРЖЫЛАНДЫРУ ЖАЙЛЫ

Назарбаев Университетіне бөлінген мемлекет қаражаты 2021-2023 жылдар аралығындағы 14,8 млрд теңгеге азайған еді. 2020 жылы оқу орнына бюджеттен 55,2 млрд теңге, 2021 жылы 57,4 млрд теңге, 2022 жылы 45 млрд теңге, ал 2023 жылы 42,6 млрд теңге бөлінген.

Биыл Мәжілісте өткен Үкімет сағатында депутат Ерболат Сатыбалдин Назарбаев Университеті мен Ұлытау облысына бөлінетін бюджет мөлшерін салыстырып, өңірлік даму мен инфрақұрылым мәселесін көтерген еді. “Мысалы, 7000 студенті бар Назарбаев Университеті қазынадан 59 млрд теңге алады, ал 240 мың халқы бар Ұлытау облысы 59 миллиард теңге алады. Мен балалардың жалпы білім алғанына, жоғары білімге ешқандай қарсылығым жоқ. Бірақ бізде аспаннан айды алып бер деп сұрап отырған жоқпыз ғой” деген еді депутат.

Back to top button