
АҚШ президенті Дональд Трамп дүйсенбі күні Ақ үйде Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхумен бірге Газа секторындағы қақтығысты реттеуге арналған жаңа бейбіт жоспарды талқылап, журналистерге «бейбіт келісім бұрын-соңды болмағандай жақын» екенін мәлімдеді. Ол Нетаньяхуға жоспарды қабылдағаны үшін алғыс айтып, оны «жауынгер» деп атап, «ол өз міндетін орындауы үшін» кез келген қолдау көрсетуге уәде берді, деп хабарлайды BBC.
«Бұл – өркениет тарихындағы ең ұлы күндердің бірі болуға әбден мүмкін, – деді Трамп. – Бүгін – бейбітшілік үшін тарихи күн».
Баспасөз конференциясы басталардан сәл уақыт бұрын Ақ үй ұсынылған жоспардың мәтінін жариялады. Онда 21 негізгі тармақ бар және құжат Газа «терроризм мен радикализмнен азат аймаққа» айналып, көрші елдерге қауіп төндірмейді деген ережеден басталады.
Трамптың айтуынша, жоспардың жасалуына көптеген мемлекет үлес қосқан. Ол бұл ұсынысты әзірлеуге араласқан «араб және мұсылман елдерінің басшыларына, сондай-ақ Еуропадағы одақтастарға» алғыс айтты.
АҚШ президенті араб және мұсылман елдері жоспар аясында жақын уақытта «Газаны қарусыздандыруға» міндеттенгенін мәлімдеді. Сондай-ақ құжатта ХАМАС-тың барлық туннельдері мен өндірістік нысандарын толық жою қарастырылған.
Жоспарда жергілікті полицияны оқыту да қамтылған, ал Израильдің Қорғаныс армиясы кезең-кезеңімен Газадан әскерін шығарады.
Трамп Биби Нетаньяхумен «Таяу Шығыста бейбітшілікке қол жеткізу үшін тығыз ынтымақтасып жатқанын» атап өтті.
АҚ ҮЙДЕГІ АТМОСФЕРА
ВBC тілшісі Бернд Дебусманн-кішінің хабарлауынша, баспасөз мәслихаты кезінде Дональд Трамп көпшілікке үйреншікті сергек бейнесінен гөрі тұнжыраңқы көрінді. Бұл ұзаққа созылған келіссөздердің салдары болуы мүмкін. Журналистер Трамптың Нетаньяху туралы сөздерін өте сақтықпен таңдап айтқанына да назар аударған. Баспасөз конференциясы екі ел басшыларының жоспарланған уақыттан бір сағаттан астам кеш басталды. Мінбер алдында күтіп тұрған тілшілер тіпті келіссөздер сәтсіз аяқталды немесе Трамп жабық есік жағдайында Нетаньяхуға қысым көрсетіп жатыр деген болжамдар жасады.
Кейінірек кешігудің себебі анықталды: Трамптың өтінішімен Нетаньяху Катарға телефон шалып, қыркүйек басында Израильдің ХАМАС нысандарына жасаған зымыран соққысы Дохада катарлық бір әскери қызметкердің қаза болуына әкелгені үшін кешірім сұраған екен.
НЕТАНЬЯХУДЫҢ МӘЛІМДЕМЕСІ
«Мен сіздің Газа соғысын тоқтату жоспарыңызды қолдаймын», – деді Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху.
Оның басты шарты – барлық тұтқындар, тірі не мүрде күйінде болсын, 72 сағат ішінде қайтарылуы тиіс.
Нетаньяху барлық тарапқа бұл мәселені бейбіт жолмен шешуге мүмкіндік берілгенін айтты. Бірақ егер ХАМАС жоспарды қабылдамаса немесе сөз жүзінде қабылдап, іс жүзінде орындамаса, Израиль «өз жұмысын аяқтайды».
«Мұны жеңіл жолмен де, қиын жолмен де жасауға болады, бірақ бұл міндетті түрде жүзеге асады», – деп ескертті ол.
Премьер сонымен бірге Израиль ХАМАС-ты Газада қалдыру үшін «қорқынышты күрес жүргізбегенін» еске салды.
Израильдің талабы бойынша, Палестина әкімшілігі (Батыс жағалау) «радикалды және жан-жақты қайта қараусыз» Газа секторында ешқандай рөл атқара алмайды.
Жалпы, Нетаньяхудың сөзінен оның ұсынылған жоспарға көңілі толатыны байқалды. Оның айтуынша, бұл құжат Израильді ХАМАС тарапынан төнетін қауіптен біржола қорғайды. Нетаньяху бүгінгі Ақ үйдегі кездесуді тек Газа соғысын тоқтатуға ғана емес, бүкіл Таяу Шығыста бейбітшілік орнатуға жасалған аса маңызды қадам деп бағалады.
Сондай-ақ ол «варварлыққа қарсы арыстанша шайқасып жүрген» израильдік сарбаздарға алғыс айтты.
БАСҚА ДА МӘЛІМДЕМЕЛЕР
Дональд Трамп палестиндіктерді «өз болашағына жауапкершілікпен қарауға» шақырды. Оның айтуынша, ХАМАС басқарған жылдар палестиндіктер үшін ауыр болды, ал егер олар АҚШ жоспарына келіспесе, өздерін ғана кінәлай алады.
Вашиңтондағы BBC тілшілерінің хабарлауынша, Ақ үй жоспарының басты мақсаты – ХАМАС-қа: егер олар ұсынысты қабылдамаса, АҚШ Израильдің ықтимал әскери әрекеттеріне жауапты болмайтынын ашық білдіру.
Трамп АҚШ-тың Иранмен қарым-қатынас орнатқысы келетінін де айтты. Ол болашақта Иран да Израиль мен бірқатар араб/мұсылман елдері арасындағы «Авраам келісімдеріне» қосылуы мүмкін екенін жоққа шығармады. «Бір сәт келеді, Иран да осы келісімдердің қатысушысы болады, – деді АҚШ президенті. – Бұл оларға экономикалық жағынан өте тиімді».
Дүйсенбі күні ресми жарияланар алдында-ақ жоспардың көшірмесі америкалық және израильдік БАҚ-қа тарап кеткен. Құжатта келісім расталғаннан кейін 48 сағат ішінде барлық тұтқындарды босату қарастырылған. Олар қайтарылған соң Израиль өмір бойына сотталған жүздеген палестиналықты босатады.
Бейбіт келісімге қосылған ХАМАС мүшелеріне амнистия ұсынылып, Газадан қауіпсіз кетуге мүмкіндік беріледі. Ұйымның барлық әскери құрылымдары толық жойылады.
Израиль армиясы сектордан кезең-кезеңімен әскерін әкетіп, Газада уақытша өтпелі үкімет жұмыс істейтін болады.
Бұл жоспар Трамп әкімшілігінің бұрынғы ұстанымынан едәуір айырмашылығы бар. Бұған дейін Ақ үй Газа халқын түгел көшіру және аймақты АҚШ бақылауындағы «Таяу Шығыс Ривьерасына» айналдыру идеясын қарастырған болатын. Енді жаңа ұсыныс палестиндіктердің Газада қалуына мүмкіндік береді.
Кездесу жалпы оң нотада аяқталғанымен, келіссөздер барысында АҚШ тарапына Нетаньяхуға қысым жасауға тура келетіндей әсер қалдырды. Сарапшылардың пікірінше, израильдік премьердің байыпты әрі сақ отырысы оның алаңдаушылығын көрсетті. Әсіресе, Трамптың ХАМАС-тың келіссөзге қатысу деңгейін қаншалықты ескергені түсініксіз болды.
Трамп жаңа жоспардың мақсаты уақытша бітім немесе атысты тоқтату емес, соғысты толық тоқтату екенін атап өтті. Дегенмен көптеген сарапшылардың айтуынша, Ақ үй ұсынған құжат толыққанды егжей-тегжейлі жоспардан гөрі негіздемелік келісімге көбірек ұқсайды.
BBC-дің АҚШ-тағы тілшісі Том Бейтманның хабарлауынша, құжатта басты тармақтарды – тұтқындарды босату, палестиналықтарды азат ету және израиль әскерін әкету – қалай жүзеге асыру керектігі нақты көрсетілмеген.