ЕрекшеТергеу

Блогер Жанабыловтардың үстінен ақыры қылмыстық іс қозғалды

Ерлі-зайыпты блогер Жанабыловтардың үстінен заңсыз кәсіпкерлік ісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Қаржы мониторингі агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

«Қылмыстық кодекстің 214-бабының 1-бөлігі (заңсыз кәсіпкерлік) бойынша қылмыстық іс тіркелді. Тергеу енді ғана басталды», – деді Елемесов бейсенбі күні Сенат кулуарында журналистердің сұрағына жауап бере отырып.

ҚМА өкілінің айтуынша, тергеуді екі ай ішінде аяқтау жоспарланып отыр.

Еске салайық, 2025 жылдың тамыз айында блогерлер автокөліктер ұтысын өткізетінін хабарлаған еді. Алайда ұтысқа қатысу ақылы онлайн-курс сатып алғаннан кейін ғана мүмкін болған. Бұл жағдай заң бойынша лотереяларды тек ресми ұйымдастырушылар ғана өткізе алатынына байланысты сын мен мемлекеттік органдарға шағым тудырды.

Нәтижесінде іс сотқа жетіп, Жанабыловтар әкімшілік құқықбұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Кейін сот блогерлердің әрекетінде қылмыстық жазалауға жататын белгілер бар деп шешіп, істі Қаржы мониторингі агенттігіне жолдады.

Back to top button