Блогер Дастан Мұхамедрахим Қазақстанда баруға болатын ТОП-5 жерді атады

Қазақстанда саяхаттауға тұрарлық ең әдемі локациялар белгілі болды. Танымал тревел-блогер Дастан Мұхамедрахим ел ішіндегі ең көркем 5 жерді атап, олардың ерекшелігін бөлісті.
Белгілі саяхатшының айтуынша, Қазақстан табиғаты алуан түрлі әрі әр өңірдің өзіндік ерекшелігі бар.
«Бірінші орында – Катонқарағай. Ол жақта Мұзтау бар. Екінші орын – Маңғыстау, онда Бозжыра орналасқан. Өзім ол жақты толық аралап үлгермедім, локация өте көп. Үшінші орында – Нарынқол. Мұнда Қазақстанның ең биік нүктесі – Хантәңірі шыңы бар, масштабы өте үлкен. Төртінші орын – Алматының табиғаты: Көлсай, Қайыңды, Шарын. Бесінші орында – Талдықорған өңірі. Ол жақта Бұрханбұлақ бар, табиғаты ерекше. Біз Үшкөлге атпен 10 сағат жүріп жеттік», – дейді блогер.
Оның сөзінше, еліміздегі басты мәселенің бірі – жол сапасы. Көптеген әдемі орындарға жету әлі де қиын.
ДРОН КӨЗІМЕН ЕЛДІ ТАНЫТҚАН ДАСТАН
Дастан Мұхамедрахым (bydastann) – Қазақстанның көрікті табиғатын әлемге жаңа қырынан танытып жүрген заманауи контент жасаушы. Ол дрон камерасының көмегімен елдің ең көркем аймақтарын жоғары сапада түсіріп, жаһандық аудиторияға ұсынады. Дастанның видеолары әлеуметтік желілерде кең таралып, миллиондаған қаралым жинап жүр. Оның жұмыстары арқылы шетелдік көрермендер Қазақстанның табиғи байлығын көреді. Автор әр кадрды ерекше композициямен және кәсіби өңдеумен ұсынады. Оның түсірілімдері тек әдемілік емес, елдің имиджін қалыптастыру құралына айналды.
Жас автордың еңбегі Қазақстанның әлемдегі танымалдылығын арттыруға ықпал етуде. Жақында әйгілі «Өрмекші адам» фильмінің жұлдызы Том Холлан Дастанға алғыс айтып, әлеуметтік желіде жазба жариялады. Бұл Дастанға әлемнің әйгілі адамдарымен достық орнатып, Қазақстанды таныта түсуге тың мүмкіндіктер бермек.