Ерекше

Бишімбаевтар отбасы Салтанат Нүкенованың 40 күндік асына 1,5 млн теңге аударған

Астанада экс-экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың туысы Бекзат Кемеловке қатысты алаяқтық ісі қаралып жатыр. Одан шамамен 1 млн долларды алдау арқылы қалтаға басты деп күдіктеніп отыр. Сот бұрынғы министрдің әкесі Уәлихан Бишімбаевтан жауап алуды жалғастыруда, деп хабарлайды Tizgin.kz kz.kursiv.kz-ке сілтеме жасап.

АҚША ҚАЛАЙ БЕРІЛДІ

Уәлихан Бишімбаев марқұм Салтанат Нүкенованың туыстарына ақша берілген күннің мән-жайын толық баяндап берді. Оның айтуынша, күдіктінің күйеуі Қайрат Кемелов Нүкеноваларға 40 күндік асына деп 1,5 млн теңге тапсырған. Айта кетейік, Қайрат Кемелов Уәлихан Бишімбаевтың немере інісі.

«Ол күні кешірім сұрап, құран бағыштауға бір топ болып барды. 1,5 млн теңге Қайратта болған. Ол ақшаны Нүкенованың әкесіне табыстады. Әйелі [Альмира Нұрлыбекова – ред.] ол соманы Қайратқа 40 күнге деп берген. Қайрат қалтасынан шығарып, сол жерде қолына ұстатты», – деді Уәлихан Бишімбаев.

Оның сөзінше, Кемелов Нүкеновтермен байланыс ұстайтын жалғыз адам болған. Басқа туыстар бұл отбасыға бармаған. Әкесі Қайрат Кемеловпен қарым-қатынастары жақсы болғанын, ешқашан дау-дамай болмағанын айтты.

Кемеловтің неге арнайы осы міндетті атқарғаны жөніндегі сұраққа Бишімбаев: «Оған өз еркімен өзі ниеттенді. Басқа ешкім Нүкеновтермен сөйлеспеген», – деп жауап берді.

ЖАНАЗАДАН КЕЙІНГІ ЖҮЗДЕСУ

Уәлихан Бишімбаевтың айтуынша, Салтанат Нүкенова жерленген соң Қайрат Кемелов марқұмның ата-анасын кафеға шақырған. Онда Бішімбаевтардың да отбасы болған.

«Бұл жерде ешқандай мәселе талқыланған жоқ. Бұл – тек туыстардың жүздесуі еді», – деді ол.

Ол сондай-ақ өзі немесе жұбайы Альмира Нұрлыбекованың сот-медициналық сараптамаға әсер етуге тырысқаны туралы ақпаратты жоққа шығарды. Бұған дейін қорғау тарапы Кемеловтен Бішімбаев-младшийдің ақыл-есінде кемістік бар деген анықтама алуға көмектесу сұралған болуы мүмкін деп мәлімдеген еді.
Уәлихан Бишімбаев мұны толық теріске шығарып, Халимназаров есімді сарапшыны мүлде танымайтынын айтты.

«Мұндай нәрсе туралы мен мүлде білмеймін. Халимназаровтың кім екенін де, қайда жұмыс істейтінін де білмеймін», – деді ол.

Ол сондай-ақ психиатриялық мекеме директорына шығуға тырысқаны жөніндегі сөзді «сандырақ» деп атады.

«Менің інім «СК-Фармацияда» қарапайым менеджер ғана. Біз ондай нәрсені ешқашан сұраған жоқпыз. Тіпті ойымызда да болмаған», – деді ол.

МӘН-ЖАЙЫ

Бишімбаевтар отбасы өз туысы Бекзат Кемелованы «алаяқтық» бабы бойынша сотқа берген. Айыптау нұсқасына сай, Қуандық Бішімбаевтың анасы Альмира Нұрлыбекова оған көк чемоданға салынған 990 мың доллар берген. Алайда Кемелова бұл қаражатты өз қалауынша жұмсап, иесіне қайтармағаны айтылды.
Осы іске қатысты Бекзат Кемеловаға қылмыстық іс қозғалып отыр. 10 желтоқсан күнгі сотта Бишімбаевтар үйінде жұмыс істейтін Күнсұлу Қожахметова да куә ретінде сұралды. Бұған дейін Бишімбаевтар отбасының 2017 жылы-ақ 1 млн долларды қолма-қолға айналдырғаны, себебі Бішімбаев-старшының қатерлі дертке шалдыққаны белгілі болған.

Back to top button