
Алматыда “Қазақтың Робин Гуды” лақап атымен әлеуметтік желілерде танымал болған, «Халыққа көмек» қайырымдылық қорының жетекшісі Ілияс Сариевтің ісі қаралып жатыр, деп хабарлайды Tizgin.kz порталы Orda.kz-ке сілтеме жасап.
Басылым мәліметінше, Сариев көмекке мұқтаж адамдардан 1,5 миллион теңге сұрағаны анықталған. Сол кезде ғана көмектесемін деген.
Сот отырысында оған Қылмыстық кодекстің 190-бабы (3-бөлік, 4-тармақ) бойынша — «ірі көлемдегі алаяқтық» айыбы тағылды. Істі судья Ернар Қасымбек қарайды, мемлекеттік айыптаушы — Асет Айдаров.
Жәбірленушілердің көбі Қазақстанның әр өңірінде болғандықтан, сотқа онлайн қатысып жатыр. Ал отырысқа жеке өзі келген Айман Жүргенбаева Сәриевке 750 мың теңге бергенін айтты. Оның үш жасар қызы сал ауруына, эпилепсияға және сөйлеу мен психикалық дамудың тежелуіне (ЗПРР) шалдыққан. Әйел Сәриевтен көмек сұраған.
«4 наурызда WhatsApp арқылы Сәриевке жазып, жағдайды түсіндірдім. Қызым үшін ақша жинау ашуды өтіндім. Сәриев қайта қоңырау шалып, баланы көргісі келетінін айтты. Сол күні үйге келіп, жағдайды нақтылады. Қажетті соманы атадым. Ол ақша жинауды ашамын деді. Алайда қызметі үшін 1,5 миллион теңге сұрады. Менде ондай ақша жоқ екенін айттым. Бірақ қызымның операциясы қажет болғандықтан: “Бөліп төлесем бола ма?” деп сұрадым. Ол келісті», — деді Жүргенбаева.
Келесі күні Сәриев 100 мың теңге аударуды талап еткен. Бұдан бөлек, ол қызды Түркияда емдету үшін 50 миллион теңге жинап беруге уәде берген.
«Мен 100 мың теңге аудардым. Сәриев ел бойынша ақша жинау 8 наурыздан кейін басталатынын айтты. Жалпы 750 мың теңгені бөліп-бөліп аудардым. Бұл қаржыны қызымның еміне дейін-ақ адамдар жинап берген болатын. 8 наурыздан кейін ол сирек жауап берді», — деді Айман.
Алайда Сәриев әлеуметтік желіге бейнеролик түсірмеген, ақша жинауды да ашпаған. Сотта әйел оған 750 мың теңгені қайтарып берсе, кешіретінін айтты.
Тағы бір жәбірленуші Венера Сұлтанқызы да қызын емдету үшін Сәриевке жүгінген. Ол әуелде әлеуметтік желіде Ілиястың адамдарға көмектесіп жүргенін көріп, сеніп қалғанын жеткізді.
«6 қаңтарда Сәриевпен хабарласып, қызымның ауруы жайлы айттым. Ол қызметі үшін, сондай-ақ бейнетүсірілім мен жол шығындарын жабу үшін 1,5 миллион теңге қажет екенін айтты. Бір айда ақша жинап беремін деп уәде берді. 10 ақпанда Диас деген біреудің атына 500 мың теңге аудардым. Алғашқы төлемнен кейін үйге келіп, бейнеролик түсіреміз деген. Бірақ содан кейін түрлі сылтау шықты: тісі ауырады, жұмысы көп. Кейін өзімнің Алматыға келуімді сұрады. Біз пәтер жалдадық. Бірақ түсірілген видеолар ұнамады деді. Кейін Шелек ауылына келіп түсірмек болды да, тағы 50 мың теңге — жол шығынын сұрады», — деді Венера.
550 мың теңгеден кейін ол қаражатты Рауан мен Нартай деген адамдарға аударған. Сәриев жоғалғанда оларға хабарласқан, олар бұл ақшаның Сәриевтің қарызын жабуға кеткенін айтқан. Сол кезде ғана әйел өзін алдағанын түсінген.
«Басында Сәриев қызымды операцияға Үндістанға апарамыз деді, бірақ ақыры Ташкентке апардық. Ең сорақысы — ақшаны микроқаржы ұйымынан қарызға алғанмын. Егер Сәриев ақшамды қайтарса, мен де кешіруге дайынмын», — деді Венера Сұлтанқызы.
Келесі сот отырысы 25 қыркүйекке белгіленді. «Орда» істің барысын бақылауды жалғастырады.