Білімді қаржыландыруды облыстық бюджеттен аудандық бюджетке қайтару керек – депутат

Бұл туралы депутат Нұртай Сабильянов Қызылордада өтіп жатқан Ұлттық құрылтайда айтты, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Ұлттық құрылтайда бірінші болып сөйлеген депутат жаңа облыстардың құрылғанына тоқталып, өзі келген Абай облысына бұрын болмаған деңгейде қаржы бөлінгенін айтады. Жолдар жөнделіп, көлік қозғалысы жолға қойылғанын атап өтті.
Одан бөлек шекаралық аудандарды дамыту туралы заң жобасы әзірленгенін айтқан депутат оны стратегиялық құжат деп атады. Заң қабылданса, 3,5 млн адамның өмірі жақсара түседі дейді ол.
Сабильянов банктер кәсіпкерлерге 25 пайызбен несие беріп жатқанын мәселе ретінде айтты. Сол себепті кәсіпкерлерді қолдайтын несие жүйесін іске қосуды ұсынды
Ол сонымен қатар, білімді қаржыландыруды облыстық бюджеттен аудандық бюджетке қайтару керектігін жеткізді. Мысал ретінде ол 176 ауданда ауылдардағы мектептерді, спорт залдарын салуға қаражат бөле алмайтынын қадап айтты.
Нұртай Сабильянов ауылға барған дәрігерлердің бәріне 8,5 млн теңгелік көтерме бәрі бірдей берілмей жатқанын да мәселе деп есептейді.