Ерекше

Әуе билеттері қайтарылса, бағасы қымбаттай ма – Вице-министр жауап берді

Шығындар рейстегі басқа жолаушылар арасында теңдей бөлінетін болады, деп хабаралайды Tizgin.kz Informburo.kz-ке сілтеме жасап.

Қазақстанда әуе билеттері толық қайтарылатын болса, билеттер бағасы өсе ме, жоқ па деген сұраққа Көлік вице-министрі Талғат Ластаев пікір білдірді.

Жалпы, әуе билеттерін сатып алу келісімшарттарындағы “100 пайыз қайтарылмайды” деген талапты алып тастау жоспарланып отырғаны алғаш рет 2023 жылы айтылды. Ал 2024 жылдың қыркүйегінде Мәжіліс «Тұтынушылар құқықтарын қорғау туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдап, осы норманы бекітті.

Вице-министрдің айтуынша, егер қайтарылмайтын билеттерден бас тартылса, тарифтердің қымбаттау ықтималдығы жоғары.

«Бұл – заңды нәтиже. Егер билет толық қайтарылса, шығындар осы рейске келген басқа жолаушыларға тең бөлінеді. Ал рейске келмеген, бірақ толық өтемақы алған адам үшін (авиакомпаниялардың – авт.) билет сатудан басқа табыс көзі жоқ. Сондықтан бұл шығындар қалған жолаушыларға жүктеледі, бұл өз кезегінде тарифтің өсуіне әкелуі мүмкін», – деді Ластаев Үкіметтегі брифингте.

Министрлік бұл мәселе бойынша парламент және сарапшылармен келіссөздер жүргізіп жатыр. Олар қай жағдайда билет құнын жолаушыға толық қайтару керектігін және қандай жағдайда халықаралық тәжірибені қолдану қажет екенін айқындауы тиіс.

2023 жылы «Атамекен» ҰКП қайтарылмайтын тарифтерге тыйым салу жолаушыларды таңдау еркіндігінен айыратынын, сондай-ақ арзан билеттерді сатып алу мүмкіндігін шектейтінін хабарлаған еді.

Back to top button