Берік Шолпанқұлов Ұлттық банктегі қызметінен кетті
Мемлекет басшысының өкімімен Берік Шолпанқұлұлы Шолпанқұлов берген өтінішіне сәйкес Ұлттық банк төрағасының орынбасары лауазымынан босатылды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Ақпаратты Ақорда таратты.
Берік Шолпанқұлов 1976 жылы 4 наурызда дүниеге келді.
1996 жылы Қазақ мемлекеттік аграрлық университетін «Бухгалтерлік есеп, бақылау және ШҚТ» мамандығы бойынша; 2016 жылы ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университетінің магистратурасын бітірген. Б.Ш. Шолпанқұлов еңбек жолын 1996 жылы Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі Қазынашылық департаментінің Қолма-қол ақша басқармасы қолма-қол ақшаның ағымдағы қалдықтарын басқару бөлімінің сарапшысы қызметінен бастады.
2001 жылғы қазаннан 2004 жылғы шілдеге дейін Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Қолма-қол ақша және мемлекеттік міндеттемелерді есепке алу басқармасының бастығы лауазымын атқарды.
2004 жылғы шілдеден 2008 жылғы желтоқсан аралығында – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Қазынашылық комитеті төрағасының орынбасары.
2008 жылғы желтоқсаннан 2014 жылғы маусымға дейін – Қазақстан Республикасының Қаржы вице-министрі.
2014 жылғы маусымнан 2016 жылғы қазан аралығында – Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің экономика және қаржы жөніндегі орынбасары.
2016 жылдың қараша-желтоқсан айлары аралығында – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Қаржы мониторингі комитетінің төрағасы.
2016 жылғы желтоқсаннан 2019 жылғы наурызға дейін – Қазақстан Республикасының Қаржы вице-министрі.
2019 жылғы наурыздан 2021 жылғы сәуір аралығында – Қазақстан Республикасының Бірінші Қаржы вице-министрі.
2021 жылы 5 сәуірде Қазақстан Республикасы Президентінің өкімімен Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі төрағасының орынбасары болып тағайындалды.
«Құрмет» орденімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен, «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне – 20 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 25 жыл», «Астананың 10 жылдығы», «Теңгеге 30 жыл» мерейтойлық медальдарымен, «Қаржы қызметінің үздігі» төсбелгісімен, II дәрежелі «Еуразиялық экономикалық одақты құруға қосқан үлесі үшін» медалімен, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің құрмет грамоталарымен марапатталған.