Бензин бағасы: мораторий алынған жағдайда не күтуге болады
Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мораторий жойылған жағдайда бензин бағасының қалай өзгеретіні жөнінде сұраққа жауап берді, деп жазады Tizgin.kz.
Министрдің айтуынша, бензин бағасының өсуі бұған дейін үкіметтің саяси ерік-жігеріне негізделген шешімімен, яғни мораторий енгізу арқылы тоқтатылған. Егер 31 наурыздан кейін Үкімет жанармай құю станцияларының қызметіне араласпау туралы шешім қабылдап, нарықтық механизмдерге жол берілсе, онда баға қалыптастыру үдерісін ішкі сұраныс пен ішкі ұсыныс айқындайды дейді ол.
“Біз жанармай бағасының күрт өсуіне жол бермейміз. Қабылданатын шешімдердің барлығы ел экономикасының қазіргі ахуалына сай болады”, – деді Ерлан Ақкенженов.
Еске салайық, 2025 жылғы 16 қазанда Қазақстанда АИ-92 маркалы бензин мен дизель отыны бағасының өсуіне мораторий енгізілгені туралы хабарланған еді.