
Бұған дейін Алматының тау бөктерінде заңсыз үй салып, сүруге келіспей, депутат Бақытжан Базарбекті “бензинмен өзімді өртеймін” деп қорқытқан адам сол таунхаустарын сатып үлгерген, деп хабарлайды Tizgin.kz.
ДЕПУТАТ НЕ ДЕЙДІ
Бақытжан Базарбектің сөзінше, Ерменсай ықшамауданындағы «Жаңару» тұтыну кооперативінде сүрілуі тиіс үйлер тұрған. Сол үйлердің иесімен Бақытжан Базарбек дауласып жатқанын желіге салған еді. Ақыры, заң бойынша үйлер сүрілетін болған. Алайда солай болатынын біліп, иесі жапатармағай үйін сатып үлгерген. Соған қарамастан заңсыз салынған үш үй сүріліп жатыр. Базарбек үй аресттен қалай шешіліп, қалай сатылып кеткенін прокурорлар тексеретінін айтады.
Депутат сонымен қатар Алматының тау бөктерінде үй салуға ниетті адамдардың бәріне ескерту жасады.
“Артыңызда министр, әкім, генерал тұрсын, бәрібір үй заңсыз салынса сүріледі”, – дейді депутат.
ОҚИҒА ЖАЙЛЫ
Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Алматының Бостандық ауданы Ерменсай ықшамауданындағы «Жаңару» тұтыну кооперативінде заңсыз салынған көпқабатты таунхаус тұрғын үйі сот шешімімен бұзылатынын бұған дейін мәлімдеген еді. Оның айтуынша, жер учаскесінің меншік иесі шаруа қожалығын жүргізу және бау-бақша өсіру мақсатында берілген жерге екі қабатты таунхаус салып, заңды бұзған. Сот шешіміне сәйкес, бұл нысандарды мәжбүрлеп сүруге тура келген. Сүру барысында меншік иесі өзін-өзі өртемек болып, мемлекеттік сот орындаушысын итеріп, арандатушылық әрекеттерге барған.
«Алматы қаласының ГАСК қызметімен бірге біз таулар етегінде заңсыз салынған көпқабатты тұрғын үйлерді сүруді жалғастырамыз — жерге құқықсыз, бастапқы рұқсатсыз және құрылыс құжаттарынсыз салынған нысандар заң аясында жауапқа тартылады», — дейді Базарбек.
МЕНШІК ИЕСІМЕН ДАУ
Желіде Базарбек сол таунхаустың иесімен айтысып, заң бұзғанын түсіндірмек болған.
«Заңның аты заң. Қала тұрғызудың ережелері, жер кодексі бар. Сен заңның барлық талаптарын бұздың. Сенде эскиз де, жобалық-сметалық құжат та жоқ. Ештеңе жоқ. Таунхаусты саяжайға сала алмайсың. Заң бұздың ба – әңгіме қысқа», — дейді ол.
Меншік иесі Талғат онымен келіспей үстіне бензин шашып, өзін “өртемек” болып қорқытқан.