ЕрекшеОқиға

«Басымды унитазға тықпақ болды»: Петропавлда спортшы полицияның үстінен шағымданды

ММА спортшысы Дамир Әлкешев полициядан зәбір көргенін хабарлады, деп жазады Tizgin.kz.

ММА спортшысы Дамир Әлкешев Петропавл полициясының қызметкерлері өзіне күш қолданғанын мәлімдеді. Бұл туралы ол Қазақстан президентіне, ішкі істер министріне және бас прокурорға жолдаған үндеуінде айтты.

Әлкешевтің айтуынша, 7 қарашада сағат шамамен 18:30-да Заводская және Әуезов көшелерінің қиылысында оны арнайы жасақ қызметкерлері ұстаған.

«Неге ұстағанын білмеймін. Маған айып тағылған жоқ. Ұсталған кезде мені соққыға жықты. Қызметтік көлікке отырғызып, жол бойы да сабады, содан кейін Петропавл қалалық полиция бөліміне әкелді. Полиция бөлімінде мені дәретханаға апарып, тағы соқты. Унитазға басымды тығуға тырысты, бір жауаптарды беруге мәжбүрледі. Кейін кабинетке апарып, “қамаймыз” деп қорқытты, “есірткі сап жібереміз” деп қоқан-лоққы жасады. Сабалаудан жасқанып полиция қызметкерлерінің қысымы астында қағаздарға қол қойдым. Содан кейін мені ауруханаға апарып, денемдегі жарақаттарды тіркеп, түсініктеме жазуға мәжбүр етті, содан кейін көлікте менен өз айтқандарын орындауды талап етті. Қазір денсаулығым нашарлап, басым айналып, көру қабілетім біршама бұзылды. Егер маған бірдеңе болса, кінәні полиция қызметкерлерінен, атап айтқанда УБОП пен арнайы жасақтан іздеңіздер», – дейді Дамир Әлкешев.

ПОЛИЦИЯ НЕ ДЕДІ

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті Әлкешевтің ұсталғанын растады, алайда оның ісі бұзақылық бабы блйынша қаралып жатқанын жеткізеді. Полицияның мәліметінше, ол Петропавлдағы көңіл көтеретін орындардың бірінде күзетші болып жұмыс істеген.

«Полицияға аталған мекемеде төбелесті болды деген хабарлама түсті. Видеожазбаларды қараған кезде сол мекеме күзетшісі, боксшы келушілердің біріне дене жарақатын келтіргені анықталды. Бұзақылық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті анықталып, ұсталды. Ұстаған кезде ол полицияның заңды талабына бағынбады. Қазір ер адам ауруханада. Емделгеннен кейін уақытша ұстау изоляторына жеткізіледі. Қауіпсіздік үшін палатаның алдында конвой қызметкерлері тұр», — деп хабарлады СҚО полициясы.

Полицияның мәліметінше, күдіктінің полиция қызметкерлерінің әрекетіне қатысты шағымдары қызметтік тексеру аясында толық зерттеледі

«Көңіл көтеретін орынға құқықбұзушылықтарға ықпал ететін кемшіліктерді жою жөнінде нұсқау берілді. Полиция зорлық-зомбылық пен қоғамдық тәртіпті бұзу әрекеттеріне жол берілмейтінін және оған жол берген кез келген азамат заң алдында жауапкершілікке тартылатынын ескертеді. Азаматтардың құқықтарын қорғау – ішкі істер органдарының басты басымдығы. Жалған ақпаратты таратпауды сұраймыз», – дейді полиция өкілдері.

Сонымен қатар, СҚО полициясы жалған ақпарат таратқаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын еске салады.

Back to top button