Басшысы қамауда, әйелі әділдік іздейді: «Оңтүстік Мұнайгаз» дауы Астанаға жетті

Шымкентте «Оңтүстік Мұнайгаз» компаниясының бұрынғы президенті Андрей Шилковтың үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша жақында алдын ала тыңдау өткен. Адвокаттар істі прокуратураға қайтару туралы өтініш беріп, тергеу барысында заңның өрескел бұзылғанын айтады. Алайда сот бұл өтінішті қанағаттандырмаған. Осыған байланысты Андрей Шилковтың әйелі Елена Шилкова мен адвокаттары Астанада баспасөз мәслихатын өткізіп, не үшін тергеу нұсқасымен келіспейтінін айтып берді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
«Бұл – рейдерлік»
Шилковтың қорғаушылары істі «классикалық рейдерлік шабуылдың айқын мысалы» деп атайды. Адвокаттардың айтуынша, Шилковқа жалған құжаттардың негізінде айып тағылған, ол құжаттармен танысу мүмкіндігі болмаған.
Андрей Шилковтың адвокаты Темірхан Нұрхановтың айтуынша, 2024 жылдың қыркүйегінде, Шилков іссапарда жүрген кезде, жалған құжаттар арқылы тағайындалған жаңа басшылық оны компанияның әкімшілік ғимаратына кіргізбей, құнды қағаздар мен мүлікті иемденіп алған. 50% үлесі бар «Оңтүстік Мұнайгаз LTD» құрылтайшысы Елена Шилкова (Елена Шилкова әйелі болса, жиенінің де есімі Елена Шилкова) қысымға ұшырап, қызметінен босатылған.

«Біздің барлық өтініш, арыздарымыз қабылданбады. Тергеу біржақты жүргізілді. Арыз-шағымдарымызды тіркемейді. Тіркелсе де артынша ешқандай тергеу амалдары жүргізілмейді. Менің күйеуімнің үстінен жүргізілген сот басталды. Арыздарымыздың бәрін сот қабылдамайды. Сондықтан, мен сіздер арқылы қоғамға жүгінгім келеді. Күні ертең бұдан ешкім қорғалмайды. Үнімізді жеткізіңіздерші.

«Андрей жұмысқа екі досын өзі шақырған. Сеніп, компанияның 50% соларға берген. Бірақ олар бұл үлесті 25% өз әйелдерінің атына жазған. Осы адамдар ақыры достық қолын созған Андрейді алдап, түрмеге дейін жеткізді. Мен Президентке жүгінгім келеді. Бізді қорғауды сұраймын. Қазір болып жатқан былықты тоқтатса екен», – дейді Андрейдің әйелі Елена.
Ал адвокат Нұрхановтың айтуынша, 2024 жылдың тамызында акционерлер жиналысының жалған хаттамалары дайындалып, директорлар кеңесі мен АҚ президентін ауыстыруға жол ашылған. 2025 жылғы 23 мамырда сараптама құжаттардың қолдан жасалғанын растаған. Осы жалған материалдар негізінде аудит пен салықтық тексеру жүргізіліп, 239 млн теңге қосымша салық есептелген. Бірақ аффилирленген тұлғалармен жасалған бірқатар мәміле мүлде қаралмаған.
Адвокат Шилковты басшылықтан заңсыз кетірген дейді.
«Бухгалтериядан барлық құжатты әкетіп, ешқандай қабылдау-өткізу актісінсіз құжаттарды алып кетіп, кеңсеге күзет қойған. Артынша Шилковке бұл ақпарат жеткен. 5 қарашада Андрей бүкіл құрылымдарға, ІІМ-ге, Президентке, Президент Әкімшілігіне болған жайтты баян етіп, арыз жазған. Баянаттардың бәрі де қолымызда», – дейді адвокат.
Шилковтың туыстары мен адвокаттары Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа, Бас прокурор Берік Асыловқа және Ресей Сыртқы істер министрлігіне жүгініп, 1963 жылғы Вена конвенциясы аясында дипломатиялық қорғау қажеттігін мәлімдеді.
2025 жылғы 15 мамырда қамауға алынған Андрей Шилков істі тоқтатып, өзінің заңды меншік иесі ретіндегі құқықтарын қалпына келтіруді талап етеді.
Tizgin.kz «Оңтүстік Мұнайгаз» АҚ ресми сайтында көрсетілген телефон нөмірлеріне қоңырау шалып, қарсы тараптың позициясын білуге тырысқан. Алайда компанияның ресми сайтындағы ұялы телефон нөмірі де, жұмыс телефоны да өшіп жатты. Қарсы тараптың ұстанымына Tizgin.kz алаңы ашық.