Бас прокуратура референдум қарсаңында көпке үндеу жасады
Қазақстанның бас прокуратурасы референдумға қарсаңында көпшілікке үндеу жасады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
2026 жылы 15 наурызда «Жаңа Конституция жобасын қолдайсыз ба?» деген сауал бойынша республикалық референдум өтеді. Бас прокуратура осыған орай қоғамдық пікірге сауалнама жүргізу заң талаптарына сәйкес жүргізілуге тиіс деп ескертеді.
“Бұқаралық ақпарат құралдары, онлайн-платформалар сайлауға байланысты қоғамдық пікірге сауал салу нәтижелерін жариялаған кезде сауал жүргiзген заңды тұлғаны, сауал жүргізуге тапсырыс берген және оның ақысын төлеген тұлғаларды, сауал жүргiзілген уақытты, ақпарат жинау әдiсiн, сұрақтың нақты тұжырымын, сауал салынғандардың саны мен сауал салу нәтижелерінің қателiк коэффициентiн көрсетуге мiндеттi. Қоғамдық пікірге сауал салуды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тіркелген, қоғамдық пікірге сауал салуды жүргізу бойынша кемінде бес жыл тәжірибесі бар заңды тұлғалар тиісті құжаттардың көшірмелерін қоса беріп, бұл туралы Орталық сайлау комиссиясын жазбаша түрде алдын ала хабардар ете отырып жүргізуге құқылы”, – делінген үндеуде.
Орталық сайлау комиссиясына жіберілетін хабарламада сауал салуды жүргізуге қатысатын және осы салада жұмыс тәжірибесі бар мамандар туралы, қоғамдық пікірге сауал салу жүргізілетін өңірлер туралы, қолданылатын талдау әдістері туралы мәліметтер көрсетіледі. Қоғамдық пікірге сауал салу нәтижелерiн дауыс берiлетін күннің алдындағы бес күн ішінде және дауыс берiлетiн күні бұқаралық ақпарат құралдарында, онлайн-платформаларда жариялауға жол берілмейдi.
Ескертуді елемегендерге қандай шара қабылданады
Сондай-ақ сайлау күнi дауыс беруге арналған үй-жайда немесе пунктте қоғамдық пiкiрге сауал салуды жүргізуге тыйым салынады («Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңының 28-бабының 9-тармағы). Бұл талаптарды бұзғаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 120-бабына сәйкес әкімшілік жауаптылық көзделген.
“Бүгінгі күні 4 бұзушылық анықталды, оның ішінде республикалық референдумға қатысты заңсыз қоғамдық пікірге сауал салуды жүргізудің 3 фактісі және сауал салудың қорытындыларын тиісті деректемелерсіз жариялау 1 фактісі. 2-і жағдайда сауалнамаларды жеке тұлғалар, ал басқа жағдайда – заңды тұлға Орталық референдум комиссиясының функцияларын жүзеге асыратын Орталық сайлау комиссиясыналдын ала хабардар етуінсіз жүргізген. Аталған фактілер бойынша прокуратура органдары екі азамат пен бір заңды тұлғаны Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 120-бабының 3-бөлігі бойынша әкімшілік жауаптылыққа тартты, оларға айыппұл салынды. Сонымен қатар бір баспа басылым иесі Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 120-бабының 1-бөлігі бойынша қоғамдық пікірге жүргізілген сауалнама нәтижелерін заңда көзделген міндетті деректемелерсіз жариялағаны үшін жауаптылыққа тартылды”, – делінген үндеуде.
Конституцияға сәйкес (83-бап) прокуратура органдары референдум өткізудің барлық кезеңдерінде заңдылықтың сақталуын қадағалауды қамтамасыз етеді. Бас прокуратура азаматтарды, қоғамдық ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарын республикалық референдумға дайындық және оны өткізу кезінде қолданыстағы заңнаманы қатаң сақтауға шақырады.