ЕрекшеҚоғам

Бақытжан Төреғожина түрмедегі Марат Жыланбаевты ауруханаға жатқызуды талап етті

“Ар.Рух.Хақ” қоғамдық қорының жетекшісі, құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина түрмедегі оппозиция белсендісі, марафоншы Марат Жыланбаевты ауруханаға жатқызуды талап етті, деп хабарлайды Tizgin.kz порталы Азаттыққа сілтеме жасап.

Құқық қорғаушының сөзінше, Марат Жыланбаевтың аштық ұстап жатқанына 6 тамызда 66 күн болған. Ол белсендінің денсаулығы нашарлағын айтып, оны ауруханаға жатқызып, толық медициналық тексерістен өткізуді талап етті.

Оның сөзінше, 5 тамызда адвокат Денис Малюга Жыланбаевқа кіріп шыққан. Құқық қорғаушы Жыланбаевтың өтінішімен оның қан талдауының көрсеткішін желіде жариялап, белсендінің аяғының сіңірі тартылып, қабырғасы ауырып жатқанын және өзге де симптомдар барын да жеткізді.

Бұған қоса, Марат Жыланбаев БАҚ және халықаралық ұйым өкілдерімен кездесу туралы өтініш жазды. Өтінішті мекеме тіркеді. Адвокат Денис Малюгада тіркелген өтініштің нөмірі бар. ЕО, Ұлыбритания және АҚШ, норвегиялық Хельсинки комитетінің Қазақстандағы өкілі, Human Rights Watch-ты Марат Жыланбаевқа кіріп кірулерін сұраймыз” деп жазды.

Құқық қорғаушы жазбада ресми омбудусмендерден қайран жоғын да меңзеген.

Бүгін сағат 11-де Алматыда адвокаттар Марат Жыланбаевтың денсаулығына байланысты баспасөз жиыны өтетіні де хабарланды.

Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті және Степногорскідегі түрме өкілдері әзірге реакция білдірмеді. Қылмыстық атқару-жүйесі департаментінің баспасөз хатшысы Ирина Горнова 6 тамызда Азаттық тілшісіне демалыста жүргенін айтып, ақпаратты анықтап көретінін айтты.

Бұған дейін ҚАЖК Жыланбаевтың халі мүшкіл деген ақпаратты жоққа шығарған. Ал оның денсаулығы мүшкіл екенін жазып, дабыл қаққан құқық қорғаушы Төреғожинаға өткен аптада 78 мың теңге айыппұл салынды.

Түрмеге түскелі бері ұзақ мерзімдік аштықты 9 рет жариялаған Жыланбаевтың денсаулығына қатысты белсенділер мен құқық қорғаушылар, сарапшылар кейінгі кезде қатты алаңдай бастаған. Түрмедегі белсендінің денсаулығына қоғам белсенділері алаңдап, дабыл қаққан шақта 29 шілдеде Жыланбаевтың суреттері жарияланды. Бірақ онда ол қырынан және арқа жағынан ғана түсірілген, видео жоқ.

Back to top button