Банк туралы жаңа заң: азаматтар бүлінген несие тарихын қалай түзете алады

Банк туралы жаңа заң жобасы талқыланып жатқан тұста Tizgin.kz порталы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Қизатовтан азаматтар бүлінген несие тарихын қалай түзете алатынын сұрап білді.
ҚИЗАТОВ НЕ ДЕЙДІ
«Ең бастысы, біз азаматтардың қазіргі қаржылық жағдайына қарауымыз керек. Қаржылық жағдайы жақсарса, ресми кірісі болса, кредит алуға жеткілікті болса, ол бір мәселе. Заңды түрде 12-24 ай мерзімде табысын дәлелдеуі тиіс. Бір кездері кредитті өтей алмағаны үшін ол 24 ай бойы жаңа несие ала алмайды, себебі кредиттік бюролар өзінің ішкі скориң жүйесіне сондай өзгерістер енгізіп қойған», — дейді Олжас Қизатов.
Агенттік төрағасының орынбасары өз сөзінде егер 24 ай өткеннен кейін азаматтарға банктер бәрібір кредит бермей жатса ғана Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі кірісіп, сол банкпен немесе микроқаржылық ұйыммен жұмыс істейді.
«Қалай болғанда да сол кредит алушы адамның тарихы бар ғой. Азаматтар құжат арқылы табысын, төлем қабілеттілігі барын дәлелдеуі керек. Түзелсе көмектесеміз, түзелмесе, ол проблемалық қарыз алушылардың тізімінде қала беруі тиіс. Себебі кірісі жоқ азаматтар жаңа кредит алса, оны төлей алмай қалады ғой», — деді ол.
БАНК ТУРАЛЫ ЖАҢА ЗАҢ
15 қыркүйек күні Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мадина Әбілқасымова «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» заң жобасын Парламент Мәжілісінде таныстырған еді. Әбілқасымованың айтуынша, банктердің қаржылық жағдайының нашарлауын болдырмас үшін банктерді қалпына келтіру жоспарларын және реттеу жоспарларын әзірлеуді көздейтін жаңа талаптар енгізіледі. Мемлекеттің қатысуы уақытша әрі өтеулі сипатта болады. Ең аз қажетті көлемде көмек көрсетіледі дейді ол. Бұл жағдайда банкке банк акционерлері мен басшылығын ауыстыру, дивидендтер мен бонустар төлеуге тыйым салу, тәуекелді операцияларды шектеу және қаржылық қалпына келтіру жоспарын іске асыру сияқты талаптар қойылады. Қаржылық орнықтылық қалпына келгеннен кейін банк жаңа инвесторға сатылады, ал салынған мемлекеттік қаражат бюджетке қайтарылады.