Астанадағы Ұлттық баспасөз клубында күні кеше KazTAG басылымының басшылары мен «Freedom Finance-қа алдандық» деген салымшылар баспасөз мәслихатын өткізді. Бұл дауда тергеу органдарынан бөлек үш тарап бар десек, алғашқы екеуі жоғарыда аталған екі тарап болса, үшінші тарап – белді кәсіпкер, банкир Тимур Турлов басқаратын Freedom Finance компаниясы.
Tizgin.kz порталы басқа журналистермен бірге бұл текетірестің неден басталып, қалай өрбігенін, банк пен басылымның қарым-қатынасы не себепті бітіспес дауға айналғанын анықтап көрді.
ШУ НЕДЕН БАСТАЛДЫ
Бұл әңгіме әуелі биыл көктемде басталды. Сәуірде «Freedom Finance компаниясына инвестиция ретінде ақша салып, тақырға отырдық» деген бірнеше адам дәл осы Ұлттық баспасөз клубында жиын өткізген еді. «Алданған кемі 30 адам бармыз» деген олар бүкіл шағымын айтқан. Солардың бірі – 84 жастағы Аида Лукьянова бар жинаған қаражатын Freedom Finance арқылы акцияларға салғанын мәлімдеген. Ақыры ақшасынан қағылған. Ол Тимур Турловты «өз қызметкерлерінің алаяқ әрекеттерінен хабардар бола тұра, еш шара қолданбады» деп есептейтінін мәлімдеген еді.
Алаяқ брокерлердің құрбаны болған тағы бір азаматтың қызы Гүлмира Исаеваның айтуынша, алданған адамдар жалпы сомасы 2,5 млрд теңгесінен айырылған.
«Кейбір жәбірленушілер құқық қорғау органдарына шағымданудан қорқады. Өзім бірнеше рет арыз бердім. Тек үшінші ретте ғана Freedom Finance брокері Б. үстінен (салымшылардың қаржысын иемденді деген күдікке іліккен) қылмыстық іс қозғалды. Қолымызда бар дәлел мен айғақ жеткілікті, – деген еді Гүлмира Исаева.
Бұл шағымдарды бірнеше БАҚ жазды. KazTAG-та осы шағымдардан бөлек Freedom Finance-тың жұмысы жөнінде бірнеше мақала шыққан. Ол жарияланымдарда компанияның корпоративті құрылымы, шетелде тіркелген компаниялармен ықтимал байланысы мен «Freedom Finance» компаниясына қарсы шағымдар жайлы жазылған.
ТУРЛОВ НЕ ДЕДІ
Күндердің күнінде бұл шағымдар Тимур Турловтың өзін де «қуып жетті». Астанадағы көп форумдардың бірінде журналистер осы жағдайдың мән-жайын Турловтың өзінен сұраған. Банк басшысының сол тұста журналистерге дүрсе қоя бермесе де, «сұрақты дұрыстап қойыңыз» деп ашулана жауап бергені бар.

«Бұл – нағыз манипуляция. Олар ешқашан біздің акционеріміз болмаған. Қазір пропогандамен айналысып жүрген адамдар бізге клиенттер де болған емес. Бұл мәселені зерттеп барып, дұрыс сұрақ қойыңыздар. Әріптестер, бұл дау – азаматтық-құқықтық қатынасқа түскен жеке тұлғалар арасындағы дау. Олар бір-бірімен жұмыс істегеніне қанағаттанбай қалған. Мен бұл жайтты тергейтін тарап емеспін. Компания бұл дауда бірде-бір тарапқа жатпайды. Соның басын ашып алайық. Бұл нақты жеке тұлғалардың арасындағы қарым-қатынас еді», – деді Турлов.
Артынша Freedom Finance «өзіміз де бұрынғы қызметкердің әрекетінен зардап шегіп отырмыз» деп ұстанымын білдірді.
«Бірқатар интернет-басылымның материалдарында дәйексіз және расталмаған мәліметтер, эмоционалды айыптаулар мен бұрмаланған деректер шықты. Компания жала жабуға мүлде төзімділік танытпайды деген қағидатты ұстанады әрі өзінің іскерлік беделін сот тәртібімен қорғауға, соның ішінде жалған ақпарат таратқан адамдар мен ұйымдарды жауапқа тартуға құқылы», – деп мәлімдеме таратты.
Отыз тістен шыққан отыз рулы елге тарайды. Freedom Finance жөнінде көп ақпарат шығып жатты. Турловтың өзіне тиесілі делінетін Курсивмедиа басылымы бертінгі бір мақаласында «KazTAG-та Freedom Finance-қа қарсы 100-ге тарта жағымсыз материал жариялағанын» сынға алды. Тимур Турловтың өзі «KazTAG күніне жағымсыз 12 материал жариялады, мұның бәрі жала мен манипуляциясы бар мақсатты науқанның бірі болуы мүмкін» деп айыптады. Алайда KazTAG басылымының бас редакторы Әмір Қасенов 12 материал емес, төртеуі шыққанын, тек олар орыс тілінен бөлек, қазақ және ағылшын тіліне аударылғанын айтады.
ҚАЗТАГ БАСШЫЛАРЫНА ҚАРСЫ ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС
Жақында KazTAG агенттігінің басшысы Әсет Матаев пен бас редактор Әмір Қасеновтың үстінен қылмыстық істің қозғалғаны белгілі болды. Freedom Finance заңгерінің арызымен оларға қылмыстық кодекстің 274-бабы (көрінеу жалған ақпарат тарату) бабы бойынша айып тағылған. Іс 18 шілдеде тіркелгенімен, KazTAG басшылары ол жөнінде 20 қарашада ғана Freedom Finance компаниясымен байланысты БАҚ-қа жарияланған материалдар арқылы ғана білген.
Астанада өткен жиынға журналистерден бөлек, құқық қорғау ұйымдарының, парламенттің және шет мемлекеттердің дипломатиялық миссияларының өкілдері қатысты. KazTAG бас редакторы Әмір Қасенов не себепті тергеу барысында өзін «азапталдым» деп санайтынын айтып берді.

«Үкім шығару жағын сотқа қалдырдық. Бірақ мен адамның қадір-қасиетін қорлау деп санайтын жайттарды айтуға қақылымын. Адамды дәретханаға жібермей қою ұсақ-түйек әрекет болып көрінуі мүмкін. Алайда тергеу жағдайында бұл – қорлау. Жеке өзімді бұл аса қорлаған жағдай болды», – деді Қасенов.
Осы аптада Әмір Қасеновтың желідегі осы мәлімдемесіне ішкі істер вице-министрі Санжар Әділов жауап берген еді. Ол «тергеу барысы толық заң тәртібінде жүргізілді» деген. Алайда Қасенов оқиғаның бәрі Астанада болып жатқанда не себепті қылмыстық іс Алматыда қозғалғанын да түсінбейді. Ол сонымен қатар, ІІМ-нің кейінгі бірнеше жылдағы ресми мәліметтерінің (Қаңтар оқиғасы кезінде сабалған Викрам Рузахуновтан бастап) жалған болып шыққанын мысалға келтіріп, қоғамның бұл органның ақпаратына күмәнмен қарауға негіз бар деп есептейтінін айтты. Әмір Қасенов сонымен қатар, баспасөз мәслихатын өткізуде саяси рең немесе тергеуге қысым жасау мақсаты жоқ деп мәлімдеді.

БАҚ басшыларының адвокаты Рена Керимова 18 шілдеде түскен арыз негізінде бірден іс тіркелгенін 15 жылда бірінші рет көріп тұрмын дейді. Оның сөзінше, қорғаушы тараптың тергеу органдарының әрекетіне үлкен сұрақтары бар.
«Тергеу әуелден қате логиканы таңдады. Егер арызда қорғауымдағы тұлға қылмыс жасады деп көрсетілсе, онда заңға, соның ішінде 65-баптың 1-бөлігіне сәйкес, Әсет Матаев қорғануға құқығы бар куә ретінде шақырылуы тиіс еді. Оны шақырып, сұрақ қоюы керек болатын: сіз бұл тақырыпта материал жаздыңыз ба, жазбадыңыз ба, не себепті сізге қатысты мұндай арыз түсті дегендей сұралуы керек болған. Алайда бұлай болмаған. Тергеу осы ең қарапайым процессуалдық әрекеттерсіз бірден басталып кетті», – деп мәлімдеді ол.
Осы істі Керимова медиабірлестік үшін жағымсыз белгі деп сипаттады. Сөзінше, мұндай істер редакцияларға мақала жазарда үрей туғызуы әбден мүмкін.
«Мен мұны тәуелсіз медиаға жасалған қысым деп бағалаймын. Дәл KazTAG-тың таңдалып алынуы Freedom Finance компаниясы жайлы жағымсыз жарияланымдардың қоғамдық кеңістікте пайда болмауы үшін өзге редакцияларды үркіту әрекеті секілді көрінеді», – деп түйіндеді адвокат.
МАТАЕВТЫҢ МӘЛІМДЕМЕСІ
KazTAG бас директоры Әсет Матаев Freedom Finance-тың үстінен шағымданған азаматтардың арызын тергеу органдары алты ай бойы тіркемегенін, ал KazTAG-қа қарсы жазылған арыз үш минутта тіркелгеніне назар аударды.

«Егер арызы барлар БАҚ-қа келсе, бірақ оны ешкім тыңдамаса, сіз өзіңізді БАҚ-пын деп қалай айта аласыз? Бұл бір компанияның екінші компанияға қарсы дауы емес, бір өңірден ғана 40 шақты адамның арызы бар. Бұл – қаржы ұйымының әділдікке жете алмай жүрген клиенттерінің дауы. Жарайды, жазбайық делік. Freedom Finance-тан 30-40 млн теңге алып, тыныш жүре берейік делік. Бұл адамдар сонда қайда барады? Ертең олар көшеге шығады. Олар тіпті көшеге шыққылары келгенін ашық айтқан. Керісінше, оларға «қойыңыздар, алаң бар, сөйлеңіздер» деп тыныштандырдық. Әділдікке жете алмағандар бар күш-жігерін салады. Өзім екі жыл түрмеде отырдым. Адамдар алданып жатса, тыныш қарап отырмаймын. Күдікті болудан ары апарса да, дайынмын. Біздің елде принцип деген болуы керек!» – деп түйді Әсет Матаев.
ҚОРЫТЫНДЫ
Астанада өткен баспасөз мәслихатына ұйымдастырушылар Freedom Finance компаниясын да шақырған. Алайда олар төбе көрсетпеді. Әйтсе де, Tizgin.kz порталы аталған компанияның пиар-қызметіне хабарласып, онсыз да белгілі даудың мән-жайы бойынша ұстанымдарын, ресми хабарламаларын жолдауды өтінген. Freedom Finance пиар-қызметі электронды поштаға ресми сауал жолдаңыздар деп жауап берді.
Редакция ресми сауал жолдап, Freedom Finance компаниясының жауабын күтіп отыр.