“Балаларымыз енді өзін қазақпыз деп есептемейді”: Пәкістаннан көмек сұрағандар Қазақстан Үкіметінен күдер үзді

Бұған дейін “Пәкістанда 300 қазақ бармыз, бізді алып кетіңіздер” деп көмек сұраған азаматтарға Қазақстан билігі көмектеспегенін Хамит Жорабай жазды, деп хабарлайды Tizgin.kz порталы.
“Біз, Пәкістанның Карачи қаласының қазақтары, 20 күннен бері үйімізде қамалып отырмыз. Өмір сүру өте қиын болды. Қазақстан үкіметінен ешқандай жауап алған жоқпыз. Балаларымыздың жағдайы өте ауыр болып кетті. Соңғы бірнеше күнде 30 адам елден шығарылды. Біз де өзімізді Пәкістан полициясына тапсыруды ұйғардық. Бізді депортацияласа жақсы болар еді. Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіне және құрметті елшіге рахмет. Сіздер бізге көп көмектестіңіздер. Балаларымыз енді өздерін қазақпын деп есептемейді деп ойлаймын”, – деп жазды Хамит.
ПӘКІСТАННАН КӨМЕК СҰРАҒАН
Еске сала кетейік, бұған дейін депутат Ерлан Сайыров өзіне Пәкістаннан қандастар хабарласып, пана сұрағанын айтты. Карачи қаласынан өзіне 40 жанұя, 300 қазақ атынан Хамит Жорабай деген азамат хабарласқан.
«Оның айтуынша, осыдан екі жыл бұрын 40 жанұя, 300 қазақ Ауғанстаннан Пәкістанға босып барған. Пәкістанға келген кезде Пәкістанның Қазақстандағы елшісі келіп, олардың жағдайын көріп, көмектесуге уәде еткен. Екі жылдың ішінде Пәкістан биліг 30 тамыз күні 300 қазақты қайтадан Ауғанстанға депортация жасайтынын мәлімдеген, – деді Ерлан Сайыров.
Сосын депутат бірден Қазақстанның сыртқы істер министрлігіне хабарласқан. Алайда сыртқы саясатқа жауапты ведомство оларға көмектес алмайтынын жеткізген. СІМ олардың қолында «қазақ деген анықтама жоқ» деген.
«Енді оларға қалай көмектесе аламыз деп сұрасам, «қайтадан Ауғанстанға барып қазақ деген анықтаманы алуы керек» дейді. Ауғанстанға барса олардың жағдайы өте қиын болады. Оны Хамит бауырымыз айтып отыр. Сондықтан, мен Қазақстан үкіметінің басшысы Олжас Бектенов мырза мен сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу мырзаға үндеу жариялаймын. Қан су емес. Біз иісі қазақты құтқаруымыз керек. Сондықтан, осы 300 қазақты Қазақстанға көшіруге жағдай жасайық. Егер бүкіл қазақ болып көшіре алмасақ, БҰҰ босқындар жөніндегі комиссиясына өтініш жасау керек. 300 қазақты босқын ретінде олар мойындауы керек. Осы мәселе бойынша үкіметке үндеу жариялаймын. Құрметті қауым, сіздерден қолдауларыңызды сұраймын», – деген болатын Сайыров.
Осыдан кейін Қазақстан сыртқы істер министрлігінің бірінші орынбасары Ақан Рахматуллин Tizgin.kz порталына берген жауабында олардың бәрі қазақ екеніне күмән келтірген.