Ерекше

Бала өлімі тіркелсе де, рақымшылыққа ілінген анестезиолог жазадан құтылды

Астанада Dent Park Ortho стоматологиялық клиникасында қыз баланың қайтыс болуына қатысты іс бойынша сот үкімі шықты, деп хабарлайды Tizgin.kz Orda.kz-ке сілтеме жасап.

ҮКІМДЕ НЕ АЙТЫЛДЫ

Сот анестезиолог Аида Жұмағалиеваны баланың өліміне кінәлі деп таныды. 2021 жылы туған кішкентай науқасқа 18 тісті емдеу үшін «Севоран» препаратымен төрт жарым сағатқа созылған наркоз жасалған. Оянғанда баланың жүрегі тоқтап, көрсетілген реанимациялық шаралар нәтиже бермеген.

Алайда дәрігер амнистияға байланысты жазадан босатылды. Үкімді судья Қажымұқан Мекемтас оқыды:

«Аида Жұмағалиеваны ҚР ҚК 317-бабының 3-бөлігі бойынша көзделген қылмыстық құқықбұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танып, екі жылға бас бостандығынан айыру және үш жыл мерзімге медициналық қызмет көрсету құқығынан айыру жазасы тағайындалсын. Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына орай қабылданған амнистия туралы заңға сәйкес, сотталушы тағайындалған жазадан босатылсын».

Алдыңғы сот отырыстарында айыпталушының адвокаты мен жәбірленуші тараптың өкілі клиника басшысы Надежда Хонды және стоматолог Төлеухан Әубәкіровті қылмыстық жауапкершілікке тарту жөніндегі өтініш бойынша ортақ ұстаным білдіргені де айтылды.

Back to top button