TOP-2Пікір

Шенеуніктер мен байдың балалары құтыратын заман өтті – Базарбек

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Алматыда үш кісінің өлімімен аяқталған жол-көлік оқиғасы жөнінде пікір білдірді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Депутаттың айтуынша, осы оқиғадан кейін полициядағы басшылар қызметінен кетуі керек.

“Біз сол жердегі видеокамералардың бәрін көруіміз керек. Себебі қызметінен кеткен басшы – кеткендердің соңғысы емес. Мен де Алматыдағы әл-Фараби көшесінде тұрамын. Күн сайын сол көшенің бойымен спорткарлар, қымбат көліктер зуылдап жүретінін көреміз, бірақ ешбіріне айыппұл салынғанын, біреудің сол үшін қызметінен қуғанын байқамаймыз. Сол себепті ішкі істер органдарын жаппай “тазарту” керек”, – дейді депутат.

Бақытжан Базарбектің айтуынша, жалғыз Алматыдағы полиция департаменті емес, бүкіл Қазақстандағы жауапсыз полиция басшылары орнын босатуы тиіс.

“Мажорлар, үлкен қызметтегі шенеуніктер мен бизнесмендердің балаларын полиция департаментіндегі басшылар “крышовать” етіп отыр. Алматыда ғана емес, әр өңірде бар. Тоқсаныншы жылдардағы мажориктардың заманы өтті. Депутаттық корпус Президентке осы мәселе бойынша жүгініп, ішкі істер министрі алдында жолдағы қауіпсіздікті қамту бойынша нақты тапсырма берілетіндей әрекет етуге дайынбыз”, – дейді ол.

Депутат сонымен қатар, мұндай қылмыс жасаған азаматтарды рақымшылыққа іліктіру мәселесі де жіті қаралуы керектігін айтты. Ол жол ережесін бұзғандар рақымшылыққа ілінбеуі керек деп санайды.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда үш адамның өмірін қиған ауыр жол апаты болған еді. Тараған мәліметтерге сәйкес, оқиға алдында көше жарысы болған, оған кей деректер бойынша кәсіпкер қатысқан. Бұл жағдай қоғамда үлкен резонанс тудырды. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Резонанстан кейін, 26 наурызда полиция түнгі жарыстарға қарсы күресті күшейтетінін мәлімдеді. Сол күні мәжіліс депутаты Мұрат Абенов Алматыдағы өлімге әкелген жарысқа жоғары лауазымды полиция қызметкерінің қатысы болуы мүмкін екенін айтып, күдігін бейнежазбамен бірге жариялап отыр.

Осы оқиғадан кейін Алматы полициясы басшылығындағы бірнеше қызметкер лауазымын босатты.

Back to top button