Білім

Бәйдібек ауданында 49 мектептің ақшасын ұрлаған 14 адам сотталды

Түркістан облысында Байдібек аудандық білім бөлімінің лауазымды адамдары бюджет қаражатын жүйелі түрде жымқыру фактісі бойынша сотталды, деп хабарлайды ҚМА.

Тергеуді ҚМА Түркістан облысы бойынша департаменті жүргізген. Басшылар, бухгалтерлер және экономистерді қоса алғанда 18 лауазымды тұлға жалақы мен өзге де төлемдерге арналған бюджеттік өтінімдерді негізсіз ұлғайту арқылы ауданның 49 жалпы білім беретін мектеп қаражатын иемдену схемасын ұйымдастырған.

“Бухгалтерия қызметкерлері электрондық жүйелерге әдейі жалған мәліметтер енгізіп отырған. Төлем ведомостары мен есеп парақтарына іс жүзінде жұмыс істемеген адамдар енгізілген немесе жалақы мен үстемеақылардың көлемі негізсіз өсірілген. Операцияларға заңды сипат беру үшін қызметтік жазбалар, бұйрықтар, есеп ведомостары мен жұмыс уақыты табельдері сияқты жалған құжаттар пайдаланылған. Құжаттардың бір бөлігі төлемдер жүргізілгеннен кейін кері күнмен рәсімделіп немесе есептілікті сәйкестендіру мақсатында түзетілген”, – делінген хабарламада.

Қаражат жалған тұлғалардың, оның ішінде туыстары мен таныстарының банктік шоттарына аударылып, кейін алдын ала келісілген үлестер бойынша қатысушылар арасында бөлінген. Соның салдарынан мемлекетке келтірілген залал 583 млн теңгеден асты. Тергеу барысында күдіктілер келтірілген шығынды толық өтеген.

Сот 14 адамды 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Тағы 4 адамға қатысты іс рақымшылыққа байланысты тоқтатылды. Үкім заңды күшіне енді.

Back to top button