«Азия Авто – Бипэк Авто» компаниялар тобының бұрынғы басшысы, миллиардер Анатолий Балушкиннен тәркіленген активтер кімнің иелігіне өтеді деген сұрақтың басы ашық күйінде қалып отыр, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Осы мәселеге байланысты “Ақ жол” депутаттары Өскемендегі зауыттың өндірістік базасын пайдалануды ұсынған еді. Үкіметке жолдаған сауалдарында депутаттар зауыттың өндірістік қуаттарын тың жобаларды дамыту үшін пайдалану бойынша ұсыныстар әзірлеуді немесе оларды ауыл шаруашылығы немесе өзге де техниканы шығаруға бағыттау қажет дескен.
Үкімет бұл мәселеге премьер-министр Олжас Бектеновтің Мәжіліс депутаттарының сауалына берген ресми жауабында түсініктеме берді. Әңгіме тек мүлікті тәркілеу туралы ғана емес, сонымен қатар аяқталмаған зауытты, жер телімдері мен компания мүлкін жаңа инвесторларды тарта отырып, Шығыс Қазақстан облысында өнеркәсіптік мақсатта пайдалану жайында болған.
Инвестициялық қызығушылық
Олжас Бектеновтің жауабында «Азия Авто» АҚ-ның барлық мүлкіне тыйым салынғаны, сот үкімі мен сот актілерінің орындалу сатысында екені айтылған. Қазір Шығыс Қазақстан облысы Әділет департаментінің мемлекеттік сот орындаушыларының өндірісінде 30 атқарушылық іс бар.
«Азия Авто Қазақстан АҚ аяқталмаған зауытына, жер телімдеріне, ғимараттар мен құрылыстарға, сондай-ақ тауарлық-материалдық құндылықтарға қатысты оларды мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті органның қарамағына беру шаралары қабылданып жатыр. Ал мүлікті тәркілеу мәселесі бойынша қылмыстық іс бойынша сот үкімі немесе мүлікті мемлекет меншігіне беру туралы шешім негізінде, тыйым салынған мүлікті іске асыру немесе пайдалану қағидаларына сәйкес шаралар қабылданады. Белгіленген талаптарға сәйкес, „Азия Авто Қазақстан“ АҚ зауыты аяқталмаған құрылыс нысаны болғандықтан, ол мемлекеттік заңды тұлғалардың балансына берілмейді», — делінген премьер-министрдің жауабында.
Сонымен бірге, отандық және шетелдік компаниялар аяқталмаған зауыт алаңына өз жобаларын орналастыру мүмкіндігін қарастырып, инвестициялық қызығушылық танытып отырғаны аталып өтеді. Бұл нысанды Шығыс Қазақстан облысының өнеркәсіптік дамуына тартуға мүмкіндік береді.
«Осыған байланысты көрсетілген өндірістік активтерді одан әрі пайдалану және инвесторлар тарту мәселесі атқарушылық өндіріс аяқталып, мүлік мемлекет меншігіне өткеннен кейін қаралатын болады», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Сот не шешті
Жауапта сондай-ақ «Азия Авто» АҚ-ға келісім және арнайы инвестициялық келісімшарт негізінде бірқатар преференциялар берілгені көрсетілген. Атап айтқанда, импортталатын тауарларға кедендік баждар мен қосылған құн салығын, утилизациялық алымды, сондай-ақ өткізуден алынатын ҚҚС-ты төлеуден босату түріндегі жеңілдіктердің жалпы сомасы 173 979 726 000 теңгені құраған. Компания өз міндеттемелерін орындамағандықтан, келісім бұзылып, сот шешімімен алынған преференциялар сомасын мемлекет кірісіне өндіріп алу тәртібі белгіленген.
Бұдан бөлек, «АЗИЯ АВТО – БИПЭК АВТО» компаниялар тобының бұрынғы басшылығына қатысты аса ірі көлемдегі алаяқтық дерегі бойынша қылмыстық іс қаралып, сот үкімі шықты. 2025 жылдың 5 маусымында Шығыс Қазақстан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің азаматтық талап-арызын қанағаттандырып, сотталғандардан келтірілген залалды өндіріп алу туралы шешім шығарды.
Балушкинге шыққан сырттай үкім
2025 жылы 16 сәуірде Өскемен қаласының соты Анатолий Балушкинді ҚР қылмыстық кодексінің 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы (алаяқтық) бойынша сырттай кінәлі деп танып, 9 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Оның сыбайласы Сағымбаев осыған ұқсас баптар бойынша 8 жыл 6 айға сотталды.
2025 жылғы жағдай бойынша Балушкин Қазақстан аумағындағы 2 млрд теңгеден астам мүлкінен айырылды. Мемлекет меншігіне «Рахман қайнарлары» шипажайы өтті. Ал Jusan Bank пайдасына жалпы бағалау құны 500 млн теңгеден асатын жер телімдері, әкімшілік ғимараттар, цех пен автотұрақтар берілді. Балушкин жасырынуы мүмкін делінетін Ресей аумағында оның ресми тіркелген мүлкі жоқ.